Үкімет отандық өндірісті дамытуға құлықты. Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі сатыпалым ережелерін қысқа мерзімде қайта қарауы қажет. Осылай деген үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар елішілік құндылықты арттырып отыруы керек деді. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлеріне бәсекеге қабілетті жалақы төлеп, еңбек өнімділігін өсіруге міндетті.
Айта кетейік, биыл холдингтің еншілес ұйымдары экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына жалпы сомасы 2,8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын 71 мыңнан астам компания мен ұйымға 2,5 трлн теңге көлемінде қаражат бөлінген.2023 жылы Ауыл шаруашылық өнімдері кешені саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 665,2 млрд теңгені құрапты. Бұндай қолдау шараларының арқасында елімізде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3,8 трлн теңгенің өнімі шығарылған.