Сапасы сын көтермейді. Халық өз қалтасынан қағып қыруар қаржы төлесе де, әлі күнге дейін қажетті медициналық қызметті ала алмай отыр. Осылай деген мәжіліс депутаттары жаңа министрден саланы тез арада ретке келтіруін сұрады. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен отырыстан толығырақ тілші тарқатады.
Мәні кеткен МӘМС қашан түзеледі деген халықтың бес жыл бойғы жан айқайынан кейін бүгін депутаттар кезекті рет жиналып, аталған жүйені жақсарту жағын талқылады. Баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрінің айтуынша енді әлеуметтік мәні бар ауруларға күдікті пациенттер міндетті медициналық сақтандырудан бөлек, тегін қаралатын болады. Яғни, қант диабеті, туберкулез, ВИЧ, вирусты гепатитке күдікті адамдар ақысыз емделеді. Деседе де, жүйедегі олқылық кезекті рет депутаттардың қатал сынына ұшырады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Біз МӘМС-ті енгізердің алдында осының мақсаты қандай деп сұрақ қойдық. Онда азаматтардың енді өз қалтасынан емделуге төлейтін қаражаты азаяды деген жауап болған. Бірақ бірнеше жыл өтті. Біз нені көріп отырмыз? Керісінше, бір жағынан азаматтар өз қалтасынан (МӘМС-ке) жарнасын төлейді. Екінші жағынан ақылы қызметке төлейтін ақша азаймақ түгілі біршама көтерілді және көтеріліп те жатыр. Мұның алдында біз медициналық қызметтің сапасы туралы айтатын болсақ, қазір жалпы оның қолжетімділігі туралы айтатын болдық».
Медицинаның сапасы жақсармай, сапалы қызметтің қолжетімділігі артпай отырғанының негізгі себебі қаржыландырудың екі пакетінің болуында деп санайды депутаттар. Сондықтан, олар денсаулық сақтау министрлігі ең алдымен осы қаржыландыруды бір жолға қойып алу керек дейді. Одан бөлек, мәжілісмендер жауапты министрден балалар арасындағы аутизммен күрес қалай емделіп жатқанын сұрады.
ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Қазіргі уақытта балалардың арасында аутизм, ЗПР, ЗРР деген диагноздар өте жиі қойылып жүр. Осыған байланысты мамандардың тапшылығы да байқалады. Мықты мамандар қымбат ақы алады. Балаларын емдеуге ақша таппай жатқан отбасылар бар. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр? Мамандар тапшылығы қалай шешіліп жатыр?ДЦП ауруымен ауыратын адамға өмір бойы бір адамның көмегі керек. Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен зейнеткерлік енгізудіжоспарлап отырсыздар ма?».
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Бұл мәселенің себептеріне қарауымыз керек сияқты. Бірден-бір себептері – негізі әйелдерімізді жүктілікке сапалы дайындау мәселесі, қыздарымыз бен әйелдердің денсаулығы. Әлемде аутизмнің толық себептері әлі анықталған жоқ. Таза медициналық ем де жоқ. Емдеу коррекуиялық орталықтарда жүргізіледі. Соңғы 5 жылдың ішінде өсім болғандықтан, мамандардың тапшылығы бар. Бұл жұмыспен айналысып жатырмыз».
Дәрігерлер жайында сөз қозғалғанда мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шет елге оқуға баратын ақ халаттылардың әрекетін сынады. Оқығанынан қыдырғаны көп мамандарға қалай сенеміз дейді ол.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бізде дәрігерлерді шетелде оқытуға жылына қанша қаржы бөлінеді? (Министр 300 млрд теңгеден биыл министр 300 млн теңгеге дейін қысқартылғанын айтты). Ол да аз ақша емес. Бір оқиға айтып берейін. Таяуда Түркияда болдым. Сол жердегі азаматтар “Сіздің Денсаулық сақтау министріне дұғай-дұғай сәлем” айтты. Олардың сөзінше, Түркияға адамдарды жіберіп, оқытқаннан ешқандай пайда жоқ. Себебі, жасыратыны жоқ, біздің дәрігерлер ол жаққа барады да, оқығанынан гөрі, қыдырғаны көп болады екен. Енді олар сол ақшаға түріктің маманын алдыртып, неге елімізде оқытпайтынын айтады. Себебі осылай тиімді болады».
«МӘМС - мемлекетке жасалған қастандық» деген депутаттар бұл жүйені тоқтата алмасақ онда жақсарту жолын денсаулық министрлігі тездету керек дейді. Сондай-ақ мәжілісмендер мүгедекке шығаруды бір жақты қылуды сұрайтын адамдар өздеріне күн сайын том-томдаған хат жазатынын айтты. Неге олар жыл сайын келіп мүгдектігін дәлелдеуі керек, «жоқ қолы келер жылы өсіп кетпейді ғой» деген олар, жауапты ведомстводан осы мәселені шешуді талап етті.