Тілдер онкүндігі аясында 2026 жылғы 10 қыркүйекте №207 мектеп-лицейінде "Тіл әлемі: сөзден ғылымға дейін" тақырыбында жазушы, әдебиетші, зерттеуші Нұрдәулет Ақышпен әдеби-шығармашылық кездесу өтті.
Рухани-танымдық шараның негізгі мақсаты – оқушыларды қаламгердің шығармашылығымен таныстыру, ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Кездесуге мектеп ұстаздары мен 9–11 сынып оқушылары қатысты. Басқосу барысында оқушылар Нұрдәулет Ақыштың өмір жолы мен шығармашылық ізденістері туралы тың мәліметтер алып, қаламгердің әдеби мұрасына кеңірек қанықты.
Әдеби әңгіме барысында ана тілі, ұлттық құндылықтар, адамгершілік, рухани тәрбие және жас ұрпақтың кітап оқуы секілді өзекті тақырыптар қозғалды. Оқушылар жазушыға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.
Кездесу барысында қаламгердің шығармашылығы арқылы оқушылар әдебиеттің адам тәрбиесіндегі маңызын түсініп, ана тілінің рухани құндылығына тереңірек назар аударды.
Әдеби-шығармашылық кездесу жас ұрпақтың кітапқа, сөз өнеріне және ұлттық руханиятқа қызығушылығын арттырған мазмұнды басқосуға ұласты.
Іс-шараны мектеп кітапханашысы Э.С. Жамаубаева және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Г.Е. Саттыбаева, А.Е. Нургалиева, М.Т. Алдаберлі, Т. Тұрдәлі ұйымдастырды.
