"
Қалайда бір баспанаға қол жеткізсем деп жүргендер үшін жағымды жаңалық. Енді үй алу кезегінде тұрған азаматтар 5 пайызбен ипотека ала алады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Халықтың одан өзге санаты қалай баспаналы болады? Тұрғын үй нарығындағы соңғы жаңалықтарға назар аударсақ.
Баспана қашан да өзекті мәселе. Үй болмаған соң, күй қайдан болсын. Оның үстіне жыл санап құрылысқа қажетті заттар қымбаттап барады. Баға жеткізер емес. Қысқасы, халыққа тұрғын-үй алу қиындай түсті. Осылай деген Сенат депутаттары жауапты министрліктен алдағы жоспарды сұрады.
БАУЫРЖАН ҚАНИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: "Тұрғын үй сатып алу халықтың едәуір бөлігі үшін, әсіресе жастар мен аз қамтылған топтар үшін қол жетімді емес. Бүгінгі таңда кезекте 651 мың халық тұрса, ол 2012 жылмен салыстырғанда 8 есе өсіп отыр. Әлеуметтік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Осы орайда менде бірқатар сұрақтар бар. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қандай кешенді шаралар қабылдануда? Іске асырылған тұрғын үй бағдарламалары бойынша талдау бар ма, оның ішінде қандай проблемалар айтылды, табылды? Тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша қандай ұсыныстар айта аласыз?".
Жауапты министрдің айтқаны: биыл жыл соңына дейін елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы 5 айда оның 5.7 млн шаршы метрі тапсырылған. Айтуынша, жалпы құрылыс биыл былтырғыдан қарағанда 8 пайызға артыпты.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: "Халықтың осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге 337 млрд теңге бөлінген. Ол қаражатқа 22 пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Кредиттік пәтерге 109 млрд теңге бөлінген. Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 пайызбен несие беріледі. Ол мақсатта 7 мың ипотека береміз."
Депутаттар, егер, аталған мемлекеттік бағдарламалар қағазда жазылғандай әдемі іске асса, халықтың бір бөлігі болсын, баспаналы болып, әр үйде қоныс тойы тойланады деген үмітте. Ал, енді бір топ сенатор болса, ауыл шаруашылық саласына деп берілетін субсидияның тиімді игерілгенін қатаң бақылауға алу керек. Әйтпесе, тиісті арзан пайыздағы көмек шын шаруаға жетпейді. Қызығын өзгелер көреді. Салдарынан мемлекеттің бюджеті айтарлықтай зор шығынға ұшырайды дейді.
ӘЛІБЕК НӘТИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: "Субсидиялауға байланысты ереже жиі және ұдайы өзгеріп отырады, мынау несие алушыларға қарсы міндеттемелер қою жөнінде бірнеше рет айтылса да Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеге енді ғана көңіл бөліп жатыр. Осыған байланысты менің сұрақтарым: жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы кешенін субсидиялау саясаты болашақта өзгертін болады ма? Жалпы осы енді бірнеше салаға субсидия бөлінеді, бірнеше триллион ақша, миллиардтаған. Соны бөлу қандай нәтижеге, параметрлерге байланысты бөлінеді? Үшінші, осы бөлінген бюджет қаражатын игерудегі соңғы тиімділігі қандай жағдайда деп ойлайсыз?"
АЗАТ СҰЛТАНОВ ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
"Фермерлер субсидияға тұрақтылықты сұрайды. Қазір сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін азайту, оны төмендету тиімділігін арттыруға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Арнайы методика зерттеудің тиімділігі бар екенін көрсетті".
Одан бөлек депутаттар ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға деп бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланып жатқанына мысал келтіріп, бақылауға алу керектігін айтты. Айтпақшы, жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тек Қазақстан темір жолы емес барлық ұлттық компаниялар алдағы уақытта қатаң аудиторлық тексерістен өтетінін айтты.Осылайша мемлекеттің әр тиынын бақылау күшейтіледі.