Мол табысқа қол жеткіземіз деп жер сипап қалды. «Plus Capital» қаржы ұйымына мүлкі мен қомақты қаржысын салған 700- ге жуық маңғыстаулық алданды. Компанияның жарнамасы Ақтау көшелеріне ілініп, әлеуметтік желіде таралған.
Осыдан 4 жыл бұрын мына жиналған көпшілік «Plus Capital» қаржы компаниясына жылжымайтын мүлік пен қомақты қаржы салған. 10 теңгені 100 теңге қыламыз деп жүргенде ақыр соңында жер соқыр тиынға зар болып қалды. Салымшылар компания құрылтайшысы 3 миллиард теңгедей қаражатты қалтасына басып, ұшты-күйлі жоғалып кетті дейді. Бір сөзбен айтқанда оңбай алданыпты.
САЙЛАУГҮЛ ӘСЕМОВА САЛЫМШЫ: «Сол компанияға біз 700 Маңғыстау халқы, 487 көлік, 17 үй салдық. Ол компания өзін инвестициялық компаниямыз деп таныстырды. Оның директоры Темірғалиев деген болды. Мына кісі. Бірақ мұны біздің ДВД 4 жыл бойына Темірғалиевті, Құрбаниязов деп іздеуге қойды. Қазіргі таңда ол директор қашуда, содан бері жоқ. Халыққа қаражат қайтарылу керек. 487 машинаның Өтеев бізде кеше 158 машинаны арестке қойды. Машинаны арестке қойсада ол машиналар сатылып кетіп отыр. Аресте тұрған машина сатылып кетіп отыр, автоцоннан. Біреудің атына тіркеледі. Қалай?»
Әсел Қалбаева аталмыш пирамида ұйымынан қомақты қаржы алмақ болып, Армян елінен әкелінген көлігін салып жіберген. Кейін сан соғып қалған ол, машинасын іздестіруге кірісіпті. Нәтижесінде автокөліктің бірнеше адамға сатылғанын және шетелдік нөмірден қазақстандық мемлекеттік белгіге ауысып кеткенін анықтаған. Өзге мемлекеттің нөмірімен жүрген Тойота Альфард қалайша мемлекеттік нөмірмен жүр дейді Әсел.
ӘСЕЛ ҚАЛБАЕВА САЛЫМШЫ: «Ол машинаны Шымкентке жіберген. Бұрын тергеуші болған адам сатып алған. Ол машина жолдасымның атында тұр әлі. Бізге штраф келеді. Күн сайын 7 хат келеді. Анау штрафқа түсіп жүре берген. 350 мың теге штраф келді. Өзінен кейін үш адамға сатып жіберген. Сол үшінші адам июнь айында қазақ учетқа аударған. Аресте тұрған машинаны қалай аударып алдыңыз десем? Білмейді».
Маңғыстау облыстық прокуратураның мәліметіне сенсек, қаржы пирамидасын ұйымдастырған басшысы Грузия елінде ұсталған және сол елдің уақытша қамау абақтысында отыр.
БЕРІК ЖЕКСЕМБЕТ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: «2020-шы жылы қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Темірғалиев Грузия республикасында ұсталды. Қазіргі уақытта оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін қылмыстық топтың мүшелері Құсайн және жеке нотариус Кушнеренко сот шешімімен 12 жылға айыру жазасына сотталған. Қазіргі таңда Ақтау қалалық сотымен қылмыстық топтың 7 қатысушысына қатысты сот процесі жүргізілуде.»
Қазір Капитал Плюстің басшысын Қазақстанға алдыру мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірге оның сот залына қай уақытта келетіні белгісіз. Сол себепті шулы іс уақытша тоқтап тұр екен. Ал салымшыларға сабырмен күте тұрудан басқа амал жоқ.