Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша 105 елдің ішінде екінші орынға шықты. Адам шошырлық статистиканың көш басында Мальдив аралдары тұр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
2024 жылдың 4 наурызында жаңартылған Petrelli Previtera мәліметі бойынша, Қазақстан ажырасу саны бойынша 1000 адамға шаққанда 4,6 көрсеткішімен әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орынға шыққан. Мамандар еліміздегі ажырасуға негізінен туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің жоқтығы (41%) және ажырасу процесінің жеңілдігі (25%) себеп болып жататынын айтады. Басқа проблемаларға қазіргі қоғамға сәйкес келмейтін қатаң гендерлік рөлдердің сақталуы және некеге деген көзқарастың өзгеруі болып отыр.
Ranking.kz сараптамалық сайты да 2023 жылы Қазақстанда некеге тұрғандар мен ажырасқандардың саны азайғанын жазған. Өткен жылы 120,9 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз және еліміз үшін рекордтық төмен көрсеткіш. Тіпті некелер саны ең аз болған 2008 жылдың өзінде (2016 жылғы мәліметті есептемегенде, ол туралы цифр жоқ) сол кездегі Қазақстан халқының саны қазіргіден аз – 16 миллион адам болғанына қарамастан, 135 мыңнан астам жұп ресми түрде шаңырақ көтерді. Бұл жағдай ХХІ ғасырдағы алғашқы жаһандық экономикалық дағдарыстың ортасында болды. Қалаларда тіркелген некелердің саны 2023 жылы 80 мыңға, ал ауылдық жерлерде 40,9 мыңға дейін азайыпты.
Ажырасу саны да рекордтық минимумға жетті: өткен жылы 16,8 мың ажырасу тіркелген. Некенің ең көп саны Алматыда (13,1 мың), одан кейін Түркістан облысы (11,8 мың) және Астана (10,4 мың) қалаларында тіркелген. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелді – небәрі 1,5 мың. Ажырасудың ең көп саны да Алматыда (2,3 мың), одан кейін Қарағанды облысы мен елордада – әрқайсысында 1,5 мың ажырасу тіркелген. Ең аз ажырасқан Ұлытау облысының халқы – бар-жоғы 198.
Қазақстанда 2023 жылы некеге тұру көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,46-дан 6,07-ге дейін төмендеді. Некенің ең жоғары көрсеткіші елордада болды – 1000 адамға шаққанда 7,46. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында. Ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 0,84-ті құрады, өткен жылы 0,89 болған. Ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында болса, ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында болды.
Ажырасудың жоғары көрсеткішіне қарамастан, Қазақстандағы жастардың 82,5 пайызы (18-29 жас) болашақта некеге тұрып, балалы болуды қалайды.
Ажырасу деңгейі жоғары елдердің ондығына сонымен қатар Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан Республикасы кіреді.