Елімізде газ бағасы жанармай құнымен теңесуі мүмкін. Мұндай ойды Мәжілістің жалпы отырысынан кейін энергетика министрі айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министрдің сөзінше, бұған басты себеп көлік жүргізушілерінің жаппай автогазға ауысуы көрінеді. Салдарынан сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кеткен.
“Бізде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кетті. Ол негізі автомобильдерді газға ауыстырумен байланысты. Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. Біз «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргіздік. Олар ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. Біз «ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер бар шығар. Біз осыны проблема деп отырмыз”, - деді министр.
Осы орайда Алмасадам Сәтқалиев жүргізушілерге көлігін газға ауыстыруға асықпау керек деген кеңесін қайталады.
“Машиналарды осындай қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз”, - деді Алмасадам Сәтқалиев.