Елімізде жұмыссыз жастарға қомақты қаражат беріледі. Гранттық жобаға өтініш беру басталып та кетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздің 20-ға жуық өңірінде жұмыссыз жастарға грант беру басталған. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Қаражат мөлшері 1 миллион теңгеге дейін.
"Zhas Project" жобасына 18-34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар (уақытша жұмыспен қамтылмаған) қатыса алады.
"Zhas Project" жас қазақстандықтардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады", - делінген министрлік хабарламасында.
Жоба жеңімпаздарының әрқайсысына әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар бөлінеді.
"Болашақта 280 жоба іске асырылатын болады. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Әр өңір бойынша жобаны басқаратын және өтініш қабылдайтын үкіметтік емес ұйымдардың байланыс мәліметтері cisc.kz сайтында, Zhas Project бөлімшесінде көрсетілген ", - делінген ақпаратта.