Елімізде 2023 жылы қанша бала дүниеге келгені жарияланды. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бюро дерегіне сүйенсек, 12 айда Қазақстанда 388,4 мың бала дүниеге келген (2022 жылы 403,8 мың бала). Оның ішінде 51,6%-ы ұл бала, 48,4%-ы қыз бала.
Бұл ретте сәби босанғандардың 29%-ы 25-29 жас аралығындағы аналар, тағы 26%-ы 30-34 жастағы әйелдер.
"2023 жылы бала босанған ананың орташа жасы 29,7 жасты құрады", - дейді статистика мамандары.
Соңғы бір жылда Қазақстанда 4075 егіз (2022 жылы 4063), 48 үшем (бұрынғы жылы 50) және бір төртем дүниеге келген.