Қазгидромет мамандары 15-17 ақпанға арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады. Онда елдің бірқатар өңірінде қатты аяз болатыны жазылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Синоптиктер дерегіне сүйенсек, солтүстік-батыстан арктикалық антициклон Қазақстан аумағына жылжиды. Сөйтіп республиканың көп бөлігін біртіндеп қамтымақ. Нәтижесінде елге аязды ауа райы келеді. 

15 ақпан — шығыста, 16 ақпан — еліміздің оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын, кей уақытта қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Көктайғақ, бұрқасын соғады.

Батыста ауа температурасы түнде -12-30 градус аязға дейін, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта -30-38 градусқа дейін, 16 ақпан шығыста -18-35 аязға дейін, оңтүстікте -10-30 дейін, 17 ақпанда оңтүстік-шығыста -15-28 дейін суытады.