Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
«Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты», - деді Президент.
Сонымен қатар Президент Республика күніне арналған салтанатты концертке де барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты концертті тамашалады. Мерекелік шара «Астана Опера» театрында өтті.
Концертте Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Үлкенбаева, Димаш Құдайберген және басқа да белгілі мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ хореографиялық топтар мен симфониялық оркестр өнер көрсетті.