Елімізде соңғы екі жылда 100 мың гектардан астам орман алқабы өртеніп кеткен. Бұл мемлекетке 182 миллиард теңге шығын келтіріпті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді. Ол орман шаруашылығы комитетіне көңілі толмайтынын айтып отыр.
"Соңғы екі жылда екі ірі өрттен келген залалдың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал осы іс-шараларға есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрайды", – дейді депутат.
Спутниктің жазуынша, ол азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екенін айтқан.
"Сараң екі төлейді" деген сөз бар. Жалпы шығын қажетті сомадан бес жарым есе асып тұр. Үкімет қажетті соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны реттеп алғаны тиімді емес пе? Бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті", – дейді мәжілісмен.
Жаңбыршин орман заңнамасының сақталуын бақылайтын орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпайтынын атап өтті. Соңғы екі жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеріс жоспарланған, алайда іс жүзінде 1 ғана тексеріс жүргізіліпті.