Елімізде доллар бағамы құбылмалы, тіпті кей күндері теңгенің әлсіреп бара жатқанын да байқап отырмыз. Осы орайда азық-түлік бағасы қымбаттай ма деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бұл сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Оның сөзіне сүйенсек, азық-түлік бағасында өсім болады. Бірақ елімізде өндірілмейтін кейбір көкөніс, жеміс-жидектің баға тұрақтылығына қатысты тәуекел туындауы мүмкін. Оның өзінде де  инфляция шегінде. 

“Олардың қатарында апельсин, банан, лимон тағы басқа жемістер бар, яғни қымбаттауы мүмкін, бірақ айтарлықтай емес. Біз тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз, соңғы аптада ешбір тауар қымбаттаған жоқ. Бірақ, инфляцияны ұмытпағанымыз жөн. Бізде инфляция дәлізі бар - биыл 6-10 пайыз. Бұл бағаның орташа өсуін біз осы шекте күтеміз дегенді білдіреді. Экономиканың дамуы бағаның біз белгілеген шегінде өседі”, - дейді Үкімет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, ол елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

“Бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен (ұн, тұз, күріш, макарон, май, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз) 100 пайыз қамтылған. Одан бөлек, 14 азық-түлік түрлерімен 80 пайызы өзіміздің өнім. Дегенмен 5 азық-түлік бойынша импортқа тәуелділік бар. Жалпы алғанда құс етімен біз өзімізді 73 пайызға қамтамасыз етеміз, шұжық- 60 пайыз, балық - 60 пайыз, ірімшік пен сүзбе - 46 пайыз, қант - 44 пайыз”, - деді Серік Жұманғарин.