Елімізде бейнебақылау мониторингі мен айыппұл жағдайын бақылау мақсатында қанша камера орнатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы Polisia.kz жазды. Дерекке сүйенсек, бүгінде меншік нысанына қарамастан елімізде 1 миллион 359 мың видеокамера бар екен. Оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші пункттерінде орналасқан. Инновациялық мүмкіндіктер қылмыспен күресуде және адам көп шоғырланатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен көмек. Сондықтан құзырлы орган алдағы уақытта камералар санын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар, Астана мен Алматыда ұлттық видеомониторинг жүйесі іске қосылды. Бұл бет-әлпетті танудың жаңа жүйесі. Инновациялық жоба ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірленген.

Жасанды интеллект технологияларын қолданатын ұлттық видеомониторинг жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қараусыз қалған заттар туралы сигнал беруге және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ "компьютерлік көз" көліктерді маркасы, үлгісі және түсі бойынша анықтай алады. Теміржол бекеттері, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, қиылыстар, сауда орталықтары сияқты нысандар "ақылды" камералардың жіті назарында.