Ел азаматтарының қай мемлекеттерге жұмыс істеу үшін баратыны белгілі болды. Мұндай мәліметпен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев бөлісті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Вице-министрдің айтуынша, қазір шетелге жұмысқа шыққан Қазақстан азаматтарының саны 120 мыңнан асқан.
"Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 126 мың адам жұмыс істеп жүр. Оның 102 мыңы Ресей Федерациясында, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 2 мыңға жуығы Ұлыбритания мен Еуропа одағы елдерінде", - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан басқа елдермен ресми жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы орайда Еуропа елдерімен және Оңтүстік Кореямен келісімдерге қол қою жоспары бар.
"Дегенмен, көп елмен мұндай келісімдер жасалмаған. Мәселен, Еуропа одағы елдерімен тиісті құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында қазақстандықтар жұмысқа орналасу үшін жиі баратын елдерді қамтуға бағытталған шаралар нақты көрсетілген", - деді ол.