Еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады. Тіпті кей өңірлерде қар жауып, көктайғаққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мұндай болжаммен Казгидромет мамандары бөлісті. Синоптиктер дерегіне сүйенсек, атмосфералық фронталды бөліктер әсерінен республика бойынша құбылмалы ауа райы сақталып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Еліміздің батысында, орталығында, шығысында, оңтүстік-шығысында тұман, еліміздің шығысында, солтүстік-шығысында, орталығында көктайғақ болады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында 1 градус үсік күтіледі. Бірқатар облыста жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Астана
13 қазанда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Шығыс, солтүстік-шығыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 5-7 аяз, күндіз 3-5 жылы.
Алматы
13 қазанда көшпелі бұлт шығып, түнде аздап жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 8-10, күндіз 20-22 жылы.
Шымкент
13 қазанда көшпелі бұлт, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан 8-13 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 9-11, күндіз 21-23 жылы.