Алматыда қала экологиясын жақсарту, жас буынды тазалыққа, қамқорлыққа тәрбиелейтін науқан бастау алған. Бір айлық іс-шаралар жоспарының орындалуына білім ордалары да ерекше атсалысуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Экологиялық шара негізінен қала тынысын ашу, жас буынның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру, тағлымды іспен үлгі болу мақсатын көздейді. Осы орайда Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейі бір айды тұтас тәрбиелік тұжырымға жіктеген. Яғни мектеп оқушыларына осы бір ай аралығында мағыналы сынып сағаттарын, ашық сабақтарын өткізуде. Сонымен қатар ұжым болып көшет отырғызу, білім қабырғасының ауласын тазалау жұмыстарын да жүзеге асыруда.
Мұндағы басты мақсат - оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қорғауға, аялауға деген көзқарасын қалыптастыру. Өйткені жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беру - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
№207 мектеп-лицейде жоспарға сәйкес апталық сенбіліктер өтуде. Экологиялық акцияның алғашқы аптасында “Таза өлке” апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.