Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтеді. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті алған кезде азаматтардың саусақ іздері алынады. Одан бас тартқан жағдайда айыппұл салынады. Бұл туралы бүгін ІІМ өткен брифингте Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаев айтты. Оның айтуынша бұндай қызметтен қорқудың еш қажеті жоқ. Қайта пайдасы көп дейді. Адам жоғалып немесе сөйлеу қабілетінен айырылғанда саусақ ізі арқылы оның кім екенін оңай білуге болады. Ал, қауіпсіздік жағынан ел азаматтары алаңдамаса да болады дейді ол.
НҰРЖАН ЖАҢАБАЕВ ҚР ІІМ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ КОМИТЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: «Саусақ іздерін сақтау қауіпсіздігінен және жүйеден дербес деректердің жария болып кетуінен қорқатындар үшін хабарлаймыз – саусақ ізі туралы ақпарат мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады. Дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан азаматтарының ақпараты деректер базасында саусақ іздерінің цифрлық моделі мен бірегей идентификатор ретінде көрсетіледі. Онда тегі, аты, әкесінің аты және жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) сияқты дербес деректер жоқ».