Алдағы бес жылда 1200-ге жуық жолаушылар вагондары сатып алынады, нәтижесінде жалпы вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді. Бүгін үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев осындай оптимизмге толы баяндама жасап, алдағы жоспармен бөлісті. Бірақ, министр еліміздегі вагондардың қазіргі күйінен де хабардар. Алда толық жаңарту жоспарда бар. Кезең-кезеңмен сапарлаушыға ыңғайлы жағдайды жасаймыз деп уәде етіп отыр. Сондай-ақ, премьер-министр ҚТЖ басшылығының назарын пойыздардың кешігуі мәселесіне аударды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Нұрлан Ермекұлы, соңғы уақытта тұрғындар тарапынан пойыздардың кешігуіне қатысты шағымдар көбейді. Қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?»
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ «Біздің компанияда бұл мәселе ерекше бақылауда тұр. Осы жағдай жол жөндеу жұмыстары және жолаушылардың қауіпсіздігіне байланысты. Соңғы жылдары біз жол жөндеу жұмыстарын 2 есе көбейттік. Енді жолаушыларды жағдайға түсінікпен әрі кешіріммен қарауды сұраймыз».
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Салық жүйесі мен теміржолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Алайда бизнес тарапынан шекарада жүктердің тұрып қалуына қатысты шағымдар әлі де жалғасуда. Сондықтан шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел көрсету үшін барлық рәсімдерді аяқтау қажет. Теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы да сын көтермейді. Олардың шамамен 90%-ына жөндеу жұмыстары қажет. Осыған байланысты Көлік министрлігіне мынадай тапсырма беремін. Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтасын. Бұл магистральдық теміржол желісі мен вокзалдарды жөндеуге де қатысты.».