"

Алматыдағы автобус апатына кінәлі деп танылған Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үш адамның өмірін қиған қоғамдық көліктің апатына қатысты қылмыстық іс бойынша бүгін жарыссөз өткен болатын, онда айыпталушы өз кінәсін мойындап, ісіне өкінетінін айтты. Сотталушы көзіне жас алып тұрып, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұраған еді. Алайда, жәбірленуші тарап бұл үкіммен толық келіспейді. Олар автобус жүргізушісі мен автопарк басшылығы да жазаға тартылуы керек дейді. 

ДАРХАН АХМЕТЖАНОВ СОТТАЛУШЫ: «Бұзақылық жасағанымды мойындаймын. Бар ойым үйге жету болатын. Жеп жүрген нанымды адал еңбекпен тауып жүрген қарапайым құрылысшымын. Үш ұлдың әкесімін. Құрметті сот мырза, осыларды ескере отырып маған берілетін жаза жеңіл болғанын қалаймын және өтінемін. Қайтыс болғандардың туыстарына, бала-шағаларына қайғырып көңіл айтамын. Жарақат алғандардың жазылып кетуін тілеймін. Өзімнің отбасымнан кешірім сұраймын».

ТАКЕН ШӘКІРОВ СУДЬЯ: «Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оған қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. ҚР қылмыстық кодексінің 58-бабына сәйкес, жазаны неғұрлым қатаң тағайындалған жазаны сіңіру арқылы Дархан Ахметжановты түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын».

Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Естеріңізге саламыз, қайғылы жағдай 2023 жылдың 22 желтоқсанында болды. Сол кезде жергілікті полиция №47 автобустың жолаушысы жанжал кезінде жүргізуші әйелді ұрды,содан  ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалды деген қорытынды шығарған болатын.