Ақтау қаласының іргесінде орналасқан Атамекен елді мекенінің тұрғындары ауыл ішіндегі жолдың жоқтығына наразы. Көпшілік қарапайым такси қызметіне де зәру екендерін айтып ашуын білдірді. Себебі шақырту алған көлік үйдің маңына келмей көшенің басынан күтеді екен. Ал таксидің көшеге кірмеуіне жолдың жоқтығы себеп.Қажетті инфрақұрылымнан мақұрым қалған ауылдық ағайын, бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиын екенін алға тартуда.

Ауыл тұрғыны Роза Алламбергенова жол азабын көріп жүргеніне 20 жылдай болғанын айтады. Сал ауруымен ауыратын 24 жастағы қызын әрі-бері тасу үшін діттеген жеріне жете алмай әлек.Такси шақырса, үйдің маңына келмейді. Амал жоқ, көшенің басына жаяулатып баруға тура келеді. Ал жыңбыр жауған күндерді айтпасақта түсінікті.

РОЗА АЛЛАМБЕРГЕНОВА АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
«Такси шақырсам, мына көшені біліп алған, бір такси келмейді. Мен үйімнен мына полинклиникаға 3 км шықпайды. Соған 2500 теңгеге апарамын. Қайтып келе жатқан кезде такси ана жерден мысалы мына көшеге кірмейді. Үйімнің қасында магазин бар. Соған келе жатқан доставкаға екі-үш рет мініп келгенмін». 

 ЖӘМИЛА АБАЖАНОВА АУЫЛ ТҰРҒЫН:
«Мына жолымыз жаман. Бала-шаға сабаққа бара алмайды. Шаң, көше тар, машиналар білмим қалай жүргендерін. Жаңбыр жауса ешқайсымыз жүре алмай қаламыз. Мына тұрғындарға қиын болып жатыр». 

Тақтайдай болу керек тас жолдың бүгін-ертең төселетін түрі жоқ. Алдымен бұл жерге кәріз құбыры жер астына салыну керек. Содан кейін асфальтты реттейміз дейді жергілікті билік өкілдері.  

АБЗАЛ ТАСТАНОВ -  АТАМЕКЕН АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 
«Бұл жұмысқа асфальттау қызметі кірмейді. Жолдарды күтіп ұстау, знактарды ауыстыру, сырлау, және жол белгілерін сызу, көшелерге құм төгу жұмыстары, аталған жұмыстар белгіленген жоспар бойынша жасалады, мамыр айының басында “Арман” тұрғын үй массивін қойып отырмыз жоспарға». 

Ауылдың мәселесі бұл ғана емес,көше жарықтары да сын көтермейді.Көбісі күйіп кеткен.Айтулы жағдайды реттеуге әкімдік тағы да уәдесін үйіп-төгіп отыр.