Алматының орталығында үш автобус пен жеңіл машина соқтығысып, 17 жолаушы түрлі дене жарақатын алды.
Бүгін, 13 ақпан күні таңғы сағат тоғыздар шамасында үш қоғамдық көлік бір – біріне соғылды. Жол апаты халық көп жүретін Саяхат ауданы маңында болды. Оның видеосы әб сәтте әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан полиция қызметкерінің бір адамды көтеріп алғанын және автобустан жолаушылардың түсіп жатқанын көруге болады.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: «Райымбек даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан 54-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі алдында келе жатқан 133-бағыттағы қоғамдық көлікпен, сондай-ақ “Нексиа” маркалы көлікпен соқтығысқан. Осы кезде 133-ші автобус инерция салдарынан сол бағытта келе жатқан 88-ші бағыттағы автобуспен соқтығысқан.Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. ЖКО-на қатысқан үш қоғамдық көлікте жеке тасымалдаушыларға тиесілі. ЖКО дерегін Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр».
Белгілі болғанындай, жол апатынан автобустарыдың ішінде отырған жолаушылардың 17 зардап шекті. Оның үшеуі ауруханаға барудан бас тартқан. Дәрігерлердің айтуынша, қалған 14 адамның жағдайы орташа ауыр.
ШАЙХИТДИН БАДИРОВ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жол апаты орнында жедел жәрдем бригадалары көмек көрсетті.Оқиға салдарынан жарақат алған 14 адам ауруханаға жеткізілді. Қазір олар қабылдау бөлімі деңгейінде тексеріліп жатыр. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр».
Денсаулық сақтау басқармасынан түскен соңғы ақпаратқа сәйкес, 10 адам тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілді. Ауруханаға жатқызылған 3 науқас нейрохирургия бөлімшесінде консервативті ем алып жатыр. Жағдайлары орташа.Тағы бір тұрғын 1 ауруханаға жатудан бас тартты. Оларға негізінен жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды.