Алматы тұрғындары дәстүр бойынша қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қала күнін атап өтті. Биыл мереке Абай алаңындағы «Алматы жүрегімде» халықаралық байқауынан басталды. Сондай-ақ Алматының барлық сегіз ауданында концерттер, көрмелер, флешбомдар, фестивальдар ұйымдастырылды. Мерекенің ажарын Тұңғыш Президент саябағында өткен «Alma Fest» фестивалі аша түсті. Қала күніндегі ең жарқын сәттерді келесі сюжеттен бірге көрейік.
Алып шаһар Алматының төл мерекесі жыл сайын ерекше аталып өтеді. Биыл да солай болды. Жексенбі күні алматылықтар таңмен таласа Абай алаңына жиналды. Әсем әуен, күмбірлеген күй, театрландырылған көрініс, шат-шадыман думан қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл күй сыйлады. Шара барысында шаһар басшысы Ерболат Досаев мегаполистің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан 10 адамды «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында ғалымдар, дәрігерлер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар.
СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: «Алматыда тудым, мектеп, университет бітірдім. Негізгі қызметім Алматыда өтті. Аз жыл ғана шетелде жұмыс істедім. Бұрынғы Алматымен қазіргі қаланы салыстыруға келмейді. Нөлден бастап, әсем қалаға айналды».
Мерекеге қатысқандар 1980-90 жылдардағы көріністерді тамашалады. Сол кездегі дүкен сөрелері, газды сусын сататын аппараттар 30-40 жылға артқа саяхаттауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әлемдегі ең үлкен рубик текшелерінің мозаикасы орнатылды. Мозаика 5040 текшеден жиналды, осылайша Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал, Тұңғыш Президент саябағы алып алма баққа айналады. Алма жәрмеңкесінде Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарынан шамамен 45 бау-бақша серіктестігі 125 тонна жеміс әкелді. Мұнда алманың 13 түрі көпшілікке ұсынылды. Атап айтсақ, американка, кандиль, Айнұр, Салтанат, Рашида және гала мен апорт секілді сорты бар. Мерекенің әр қонағы өзіне ұнаған алманың дәмін татып көрді.
РОЗА БАЖИКОВА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Сүйікті қаламыздың туған күні құтты болсын!Жылда Алма фестиваліне келеміз. Алматы гүлдене берсін, өркендей берсін».
Сондай-ақ іс-шара кезінде суретке түсуге арналған түрлі орындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Ересектер қол күрестіріп, күш сынасты. Оқушылар боз кілемде мықтыны анықтады. Ал балалар болса, тоғызқұмалақтан жарысты.
ҚУАНЫШ ӘБДІРАХМАН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Барлық алматылықтарды қала күнімен құттықтаймын. Алматы көркейсін. Ең бастысы жаңа дүниелермен дами берсін».
Бір мезгілде мегаполистің 8 бірдей ауданында және Панфилов пен Жібек жолы көшеcінде «Туған күніңмен, Алматым!» атты фестиваль өтті. Бұдан бөлек, қолөнер жәрмеңкесі, заманауи өнер көрмесі, жергілікті суретшілер мен дизайнерлердің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Шараның басым бөлігі алып шаһардың тарихына арналды.