Жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскерге барып, отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалуда. Осылай деген Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай қазақ армиясының қазіргі ахуалын Парламент қабырғасында көтерді. Әскердегі әлімжеттікті тыятын уақыт келді дейді мәжілісмен. 

Жалындаған жастық шағында әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеу,ер азамат үшін міндет. Алайда, сарбаздың рухын көтеретін орын соңғы жылдары неге «өлім» ошағына айналды? «Әскер» десе үрейленіп, қорқатын, ол жаққа бауыр еті баласын жібергісі келмейтін ата-аналар қатары артыпты. Депутат әскери прокуратураның дерегін мысал етті. Айталық, соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Иә, сандар қорқынышты. 

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Әскери прокуратураның дерегінше, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейтіні, әлеуметтік жағдайларының төмен екені әмбеге аян. Бұл жағдайды түзету де кезек күттірмейтін мәселе». 

Депутат Нұргүл Тау болса, үй ала алмай жүрген жастар жайын айтты. Сандарды сөйлетсек. 4,5 миллион адам үйге мұқтаж. Оның 1,3 миллионы жастар. Ал, 2 миллионнан астам азамат үй жалдап тұрып жатыр. Олардың біраз бөлігі студенттер. Біз айтпасақ та мәлім, пәтерді жалдау бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Сондықтан, депутат үй мәселесін шешу үшін шетелдік тәжірбиені енгізуді ұсынады. 

НҰРГҮЛ ТАУ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүгінгі таңда бір азаматтың мойнында бірнеше несиесі бар отандастарымыз аз емес. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілді. Осылайша, көптеген отандастарымыз алғашында үй үшін несие алса, содан кейін сол үйге жөндеу жұмыстарына несие алады. Бұл мәселені шешу үшін тұрғын үйлердегі пәтерлерді толықтай жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға беру ұсынылады. Бұл тәжірибе Аустрия, Германия және Франция елдерінде тиімді қолданылып келеді. Бұл ретте, әр пәтердің жөнделу бағасы салымшымен алдын ала шартта белгіленетін болса, мүлік бағасының шарықтауын алдын алуға болады деп есептейміз».

Парламент қабырғасында депутаттар көтерген бұл мәселе түгел дерлік әлеуметтік проблема. Сол жағдайларды шешіп реттеу, ол мемлекеттік органның құзіретінде. Осыны алға тартқан депутат Ринат Зайытов меморгандар жұмысын сынап, шенеуніктерге халыққа жақын болуға кеңес берді. 

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады. Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма? Өкініштісі сол. Бұл заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр. Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер т.с.с. мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар» - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар».

Айтпақшы, мәжіліс депутаттары бүгін белсенді. Жаппай әлеуметтік сұрақтарды талқылап жатыр. Олар ауылдық жерлердегі халықтың әсіресе, ауыл шаруашылығына ұзақ жыл тер төккен азаматтардың зейнетақысын көтеруді ұсынды. Алайда, бұл тек ұсыныс қана. Оның қолдау табуы немесе таппауы белгісіз.