Армяндық отбасылар түйіншектері түйілген үлкен сөмкелерімен Арменияның оңтүстігіндегі Сюник облысына жеткізіп салатын автобустарды күтуде. Әзірбайжан Таулы Қарабақты бақылау жөніндегі әскери операцияны бастағаннан бері бұл елге 100 мыңнан астам босқын келген. Бұл туралы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы мәлімдеді. Жалпы Қарабақта 120 мыңға жуық этникалық армян тұрды. Әзірбайжан әскерилерінің тазалауынан қорыққандықтан көпшілігі қашып кетті.
ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТАН КЕЛГЕН БОСҚЫН: "Бүгін біз Ереванға тіркелуге бара жатырмыз. Одан соң тұрақтайтын жер табуымыз керек. Мен кішкентай қызыма қамқорлық жасауым керек ".
ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТАН КЕЛГЕН БОСҚЫН: "Өте қиын болды. Біз 26-29 сағаттан бері жолда жүрміз. Көлік көп болғанымен, мұнда жету оңай болған жоқ. Менің анам науқас, ал інімнің балалары мен немерелері бар".
Жексенбі күні Таулы Қарабаққа БҰҰ миссиясы келген. Бұл - халықаралық ұйымның өңірге соңғы 30 жылдағы алғашқы сапары. Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзірбайжанның бір бөлігі саналады. Бірақ онда негізінен армян христиандары мекендейді. КСРО құлағаннан кейін 30 жыл бұрын ұрыс қимылдарының нәтижесінде онда тәуелсіз республика жарияланған. Әзірбайжан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде жойылатынын жариялады.