Атырауда "ақша бермесең жеке деректерді әлеуметтік желіге саламын" - деп 27 жасар жігітке қоқан-лоқы көрсеткен азамат ұсталды. Атырау облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 1 млн теңге бопсаламақ болған күдіктіні құрықтады. 24 жастағы облыс тұрғыны жәбірленушіден 100 мың теңге көлемінде ақша алу кезінде қолға түсіп, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция ескертеді. Бөгде біреудің жеке басына қатысты деректерді қорқытып алуға ешкімнің құқы жоқ. Ондай жағдайдың куәсі болсаңыз, бірден жергілікті аумақтық полиция бөлімшелеріне хабарласу керек.