Ақмола облысының орталығында 15 аспаптың құлағында ойнап, үш тілді жетік меңгерген талант иесі тұрады. 19 жасар көкшетаулық мұнымен шектелмек емес. Болашақта шет ел асып еліміздің атын әйгілі етуді мақсат етеді.
Айхат Қазихан алғаш рет домбыраны 10 жасында қолына алған. Атасы мен әкесінің жолын қууды армандаған ол 4 жыл бұрын Астанадағы Шабыт колледжіне «Домбыра» курсына түседі. Бірақ, 1 курс оқығаннан кейін карантин басталып оқуды тастап кетуге тура келген. Осы күні қолында дипломы болмаса да, кәсіби музыканттардан асып түседі десек, артық айтқандық болмас. Бүгінде бір емес, 15 аспапта еркін ойнайды.
АЙХАТ ҚАЗИХАН, МУЗЫКАНТ «Бізде қазіргі ойнап жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамбль бар. Солардың концерттерінде болып, үлкен әсер алдым деп айтсам болады. Бес адам бар составтарында. Әр қайсы бірнеше аспапты меңгерген мульти инструменталистер. Сол мені өте таңқалдырды. Маған былайша айтқанда мотивация берді. Яғни, музыкаға деген көз қарасым мүлдем өзгере бастады».
Айхат қазақтың домбырасында, жетіген, қыл қобыз, шаң қобыз, сыбызғы, саз сырнай, шіңкілдек, дабыл және мүйіз сырнайда еркін ойнайды. Одан қалды қоржынында түріктің дарбукасы, латынамерикалық кахон, гитара бар.
Ешбір ұстаздан сабақ алмай-ақ, түрлі аспапты меңгерген талант иесі жоғары оқу орнында ағылшын тілінде оқиды. Ондағы мақсат: ел аралап, өзге ұлттардың мәдениетімен танысу, қазақтың өнерін шет елдерге танымал қылу. Бір аспапты меңгеріп алуға 1-ақ сағат кетсе, енді бір аспаптарды зерттеп, үйренгенше бірнеше ай қажет болады,-дейді ол. Мәселен, ежелгі сыбызғыны меңгеруге 1,5 айы кеткен. Өйткені, ол күрделі аспаптардың қатарынан.
АЙХАТ ҚАЗИХАН, МУЗЫКАНТ«Бізде саз сырнай деген аспап бар. Саз сырнайда арнайы түтікше болады. Бұны үрлеген кезде дыбыс шығады. Мысалы, одан басқа флейта деген аспап бар. Оны үрлегенде өзіне тән дыбыс шығады. Ал, бұл аспаптың ерекшелігі – үрлеген кезде ешқандай дыбыс бермейді. Яғни, бұл ойнаушының техникасына байланысты белгілі бір дауыс береді».
Айхат оркестр құрамында өнер көрсеткенде аспаптарын жанына тізіп қойып, кезекпен ойнайды екен. Бұл оның бұрыннан келе жатқан арманы болатын. Көздегеніне жеткен виртуоз енді өзі сияқты талант иелерімен шет елдерді бағындыруды мақсат етуде.
Полиглот мульти инструменталист бүгінгі таңда қаладағы музыка мектептерінің бірінде шәкірт тәрбиелейді. 15 аспап жас талантқа аздық етуде. Сондықтан, әлі бірнеше музыкалық инструменттің құлағында ойнауды көздейді. 14 аспабым бір төбе, домбырам бір төбе дейді Айхат. Өйткені, оны музыка әлеміне жетелеп, өнерге деген қызығушылығын оятқан ең алғашқы аспап – қазақтың қара домбырасы.