"

Қатты аяздың салдарынан Маңғыстаудағы Каспий теңізінің кейбір бөліктерін мұз басты. Биылда көпшілік жағалаудағы мұзға барып сырғанап, серуендеу әдеттерінен жаңылған жоқ. Алайда көк мұздың үстімен жүру қауіпті, - дейді төтеншеліктер. Себебі жағалаудың кейбір тұстарында мұздың қалыңдығы жұқа болғандықтан, үстімен жүрген адам астына түсіп кету мүмкін екенін айтады.

Жалпы Маңғыстауда Каспий теңізінің Ақтау қаласындағы жағалауы мен Ақкетіктегі кеме тұрақтайтын айлақтардың маңында мұз қатады. Мәселен ақтаулықтар мұз үстінде серуендеу үшін 1-ші шағын ауданындағы жағалауға барады. Қазір теңіз жағалауын қалыңдығы 5 саниметр болатын мұз басты, бұл адамның салмағын көтере алмайды. Алайда оны ескеріп жүргендер шамалы.

АЛЕКСАНДР ПРОТАСЕНЬКО ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
«Қыс айларында Каспий жағалауына жие келіп, серуендеп тұрамыз. Бұрын жағалауда мұз қатты дегенді 10 жылда бір рет естуші едік. Таңқалатын құбылыс. Ал мұздың үстімен жүру қауіпті екені рас. Төтеншеліктердің ескертуіне салғырт қарамау керек. Олар қанша дегенмен маман ғой. Айтқандарын ескеру керек деп ойлаймын».

Иә, ескертушілер ескерту тақтайшаларын әр жерге қадап қойған. Мұнда «Мұз ұстімен жүруге тыйым салынады» деп жазылған. Десекте жазбаға мән беріп жатқандар шамалы. Себебі табиғи құбылысқа тамсанатындар фото, видеожазба түсіреміз деп әлсіз мұздың үстіне шығып кетіп жүр.


РАТБЕК ДЕМЕУБЕРГЕН – ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
«Ақтау қаласы бойынша осы аумақта теңіз беті қатқан. Жағадан шамамен 150 метрге дейін көлемді алады. Қалыңдығына келетін болсақ, қазіргі таңда 5 сантиметрге дейін қалыңдық орын алады. 00:40+ 02:18 Қазіргі таңда көп адамның шоғырлануы байқалмайды, дегенмен біз алдын ала жұмыстар жүргізудеміз».

Төтеншеліктердің айтуынша, адамның қауіпсіз қозғалысы үшін мұздың қалыңдығы кем дегенде 10 сантиметр болуы керек. Былтыр және осы жылы адамның мұз астына құлап кеткен жағдайлары кездеспеген. Мамандар көк мұз қатқан аумақты жіті қадағалауда. Егер су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтар кездессе, ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412 және 364-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартады екен.