Ақмола облысында ауа райының күрт суытуы салдарынан өрт оқиғалары да күрт өршіп кетті. Аязды күндері тұрғындар жылыту құрылғыларын көп қосуда. Ал жекеменшік секторда тұратындар күні-түні пеш жағады. Өрттің дені осы жер үйлерде орын алып отыр. Өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайды.
Көкшетауда сөндірілмеген темекінің тұқылы қайғылы оқиғаға әкеле жаздады. 1975 жылы туған қала тұрғыны төсегінде жатып шылым шегіп, оны сөндірмей қалғып кеткен. Салдарынан төсек жабдықтарымен қоса линолеум жанып кетті.Абырой болғанда оқиға орнына жедел жеткен 10-шы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қайғылы оқиғаның алдын алды.Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Егіндікөл ауданында кеше өрттің салдарынан бір адам қаза тапты. Қызыл жалын екі пәтерлі жекеменшік секторда болған. Тілсіз жау 80 шаршы метр жерді жайпады. Өртті сөндіріп болған соң үйінді астынан 1970 жылы туған азаматтың өлі денесі табылды.
ДАНИЯР КҰДАЙБЕРГЕНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Егіндікөл ауданы Бауман селосы Степан Разин көшесі, 15 мекен-жайы бойынша № 2 пәтерде өрт шықты. Өрт орын алған жереге жауынгерлік есептен 3 адам және 1 техника жіберілді. Өрт сөндіру барысында мәйіт табылды. Тілсіз жаудың шығу салдары мен шығындары анықталуда».
Степногорск, Есіл, Щучинск қалаларында және Целиноград ауданының Талапкер ауылында пәтерлер мен жеке тұрғын үйлерде болған өрт ауыздықталды. Қазір оның неден шыққаны анықталу үстінде. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Аяздың көтерілуіне байланысты автокөліктердің де өртену деректері тіркеліп жатыр.