Ақтауда 21 жастағы бойжеткен әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. 3 ай бұрын оны еркінен тыс көлікке малша тиеп алып қашпақ болған. Бұл оқиғадан соң қыз полицияға арызданғанымен іс қозғалар емес. Тіпті құзырлы орган қыздың талабын салт-дәстүр деген желеумен жауып тастапты. 

Жансұлу есімді бойжеткеннің сол күнгі оқиға әлі есінен кетер емес. Қатты үрейленген қыз тіпті әділдікке қол жеткізе алмай әлек. 3 ай бұрын оны 2 ер адам көлікке бүктеп тыққан. Қарсыласқан сәті тіпті бейнежазбаға түсіп қалыпты. Өзінің айтуынша мұның бәрін танысының достары ұйымдастырған. 

ЖАНСҰЛУ ЖӘБІРЛЕНУШІ
Подъезден түсе берген жерімде жаңағы Алпамыс есімді жігіт кеуде тұсымнан көтеріп алып, қысып алып жоғары көтереді сол кезде мен қатты шошып кетемін. Сол бетте мен жерге құлап, жерде сүйреліп, ол әрі-бері мені тартады. Менің аяғымнан көтеріп автокөлікті ашып, менің еркімнен тыс, аяғымды қысып екеуі екі жақтан мал тиеген сияқты машинаға салады. 

Көлікте кеуде тұсымды қатты қысқанынан ауа жетпей әлсіреп қалдым дейді бойжеткен. Ақырында көлік есігін ашып секіріп кетпекші болған. Ал куәгерлер араша түсе алмадық деп қынжылып отыр. 

КУӘГЕР
Подъезден аттаған бойда екі бала екі қолынан ұстап сүйреп жерге, ана қыз айқайлады керек емес деп. Ол жерге жығылды. Оның айқайлағаынына қарамай сүйреп көтеріп. Мынау көмектесейін десе еркек балдар күш бермейді. 

Жансұлудың жан айқайын полиция жылы жауып отырған көрінеді. Тіпті 2 мәрте салт-дәстүр деген желеумен жауып тастаған. 

НАЗЫМ ҚАЙРХАН, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ
Адам ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы толық және объективті тексерілді. Аталған іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынып, тергеу әрекеттері жүргізілді.Тергеу нәтижелеріне сәйкес, тергеу органымен іс құрамында қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданды.

Бойжеткеннің бүгінде жанына батып отырғаны да осы. Алып қашпақ болғандардың тайраңдап жазасыз жүргені. Десе де «арым тапталды» деген Жансұлу бұл істің соңына дейін барамын деп бекініп отыр.