Ақтау қаласында 19–20 маусым күндері II Каспий маңы елдерінің пәнаралық эндохирургиялық конгресі өтеді. Эндохирургия саласындағы жылдың ең ірі әрі мазмұнды оқиғаларының бірі өңір медицинасының дамуына да оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Қазақстан эндохирургиялық қауымдастығының президенті Владимир Котлобовский мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, конгресс аясында Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және басқа да елдерден келген жетекші хирургтар, ғалымдар мен медициналық ұйым өкілдері бас қосады.

"Медициналық ұйым өкілдері эндохирургиядағы соңғы технологиялар, күрделі оталар, инновациялық әдістер және кәсіби стандарттарды ортаға салып, тәжірибе бөліседі. Биылғы іс-шараның ерекшелігі – Ақтау қаласының 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленуі. Бұл мәртебе аймақтағы ғылым, білім мен мәдениет салаларындағы ықпалдастыққа тың серпін беріп отыр. Аймақ елдері арасындағы кәсіби достықты нығайтудың ең жақсы үлгісі – дәл осындай алаңдар. Ақтау қаласында осындай жоғары деңгейдегі конгрестің өтуі – үлкен мәртебе әрі тарихи оқиға", - деді Владимир Котлобовский.

Брифинг барысында медицина ғылымдарының докторы Серік Тоқпанов практикалық шеберлік сабақтары мен ғылыми бағдарлама аясында талқыланатын тақырыптарды баяндады.

"Конгресс алдында яғни 17–18 маусым күндері Ақтаудағы клиникалық базаларда преконгресс шеберлік сабақтары өтеді. Ал 19–20 маусымда «Достық үйінде» негізгі күн тәртібі басталады. Бағдарламада — 3D HD, ICG, 4K визуализациямен жоғары технологиялық лапароскопиялық операциялардың тікелей көрсетілімі, отандық және шетелдік сарапшылардың ғылыми баяндамалары, балалар, әйелдер, урологиялық, абдоминальды және эндокриндік хирургия бағытындағы дөңгелек үстелдер мен пікірталастар, хирургтар мен медбикелерге арналған симуляциялық тренингтер мен оқыту сессиялары бар. Біз конгресс барысында дәрігерлердің жаңа буынын, жас хирургтарды оқытуға басымдық береміз", - деді Серік Тоқпанов.

Медицина ғылымдарының кандидаты, ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сергей Ахундовтың айтуынша, конгрестің ғылыми ауқымы аса кең.

"Конгресс аясында бірнеше ірі іс-шаралар қатар өтеді. Оларды атап айтқанда, халықаралық бариатриялық хирургтар клубының (IBC) Орталық Азиядағы алғашқы саммиті, IBC Қазақстан филиалының тұңғыш симпозиумы және Қазақстан эндохирургиялық қауымдастығының 8-съезі. Дәл осы ірі шараларда бірегей ғылыми зерттеулер, клиникалық бақылау нәтижелері ұсынылып, аймақтық стандарттар мен клиникалық протоколдар талқыланады. Конгресске хирургтар, гинекологтар, урологтар, эндокринологтар, анестезиологтар, балалар дәрігерлері, операциялық мейібикелер мен резиденттер де шақырылады", - деді Сергей Ахундов.

Айта кетейік, конгресске қатысу үшін алдын ала тіркелу қажет. Тіркеу сілтемесі: https://medq.kz/events/4124