Енді Балқаш көліне жету бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Жетісу облысында көлге апарар басты жолдар жаңғыртылып, көлік қозғалысына жол ашылды .Туризмді дамытуға серпін беретін бұл жоба, өңірінің экономикалық әлеуетін де арттыра түспек.
Балқаш көлі – еліміздің ең ірі табиғи су айдындарының бірі. Туристер жиі баратын бұл мекенге жету бұрын қиын болатын. Енді жағдай өзгерді. Жетісу өңірінде Балқашқа апарар жол кезең-кезеңімен жаңғыртылып, сапалы жол арқылы көлге жету анағұрлым жеңілдеді. Атап айтқанда, ұзындығы 27 шақырымды құрайтын «Лепсі – Балқаш көлі» жолы толық жөнделіп, өткен жылы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» бағытындағы 35-тен 110 шақырымға дейінгі аралыққа төменгі асфальт қабаты төселіп, көлік қозғалысына ашылды. Қазір 40 шақырым жолда асфальттың беткі қабатын төсеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жол бойында 4 демалыс алаңы, аялдама және санитарлық тораптар орнатылған. Жоба аясында құрылысқа 65 техника мен 100-ден астам маман тартылған. Жол сапасына 5 жылдық кепілдік берілген. Толық аяқталу мерзімі – 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, биылғы жылдың соңына дейін Лепсі ауылында заманауи теміржол вокзалының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл – өңірге келетін жолаушылар ағынын арттырудың тағы бір тетігі болмақ.
ҒАЛЫМЖАН ДӘРІБАЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ “Бұл жолы Талдықорғаннан 132 шақырымда 18 жылдан бері салып жатырмыз ғой, асфальтпен қамтыдық. Проезд ашылды деп есептеуге болады. Халық неше жыл айналмалы жолмен жүрді. Сондай кедергілер болды. Қазіргі таңда сол мәселені шешіп, 1 сағатта осында келесіз екі есеге туристік келуін есебіміз солай”.
Балқаш көлінің жағалауын бейберекет құрылыс басып кетпеуі үшін 1682 гектар аумақта «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде. Жоспарға сәйкес, бір реттік қабылдай алатын туристердің ең жоғарғы саны – 23 мың адам. Нөмірлер саны – 7100, көлікке арналған тұрақ орындары – 7200. Демалыс аймақтарында туристерге қызмет көрсететін 4,6 мың адамға дейін жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл – Балқашқа жақын елді мекендер үшін қосымша табыс көзі мен тұрақты жұмыс көзіне айналуы мүмкін.
АЙДОС БЕКЕТАЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ “Соның бүгінгі таңда ең біріншісі электр қуаты жоқ болатын. Халық келіп демалса да, проблема болатын Лепсі ауылынан бастап электр жүйелері тартылды. Электр қуаты берілді”.
Туристік аймақта инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі жағдай бойынша 32 шақырым су желісі, 17 шақырым кәріз жүйесі толық берілсе, 36 шақырым электр желісінің 16 шақырымы тартылды. Жағалау бойында ұзындығы 9,3 шақырым болатын жол құрылысының 50 пайызы аяқталған.
ҒАЛЫМЖАН МАМАНБАЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ САРҚАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ “Инфрақұрылымды Үкімет алып келді. Енді біз осы жерді аукцион арқылы жағдайы бар, сала алатындарға берсек. Мұны алған адам егер салмаса Үкіметке қайтарым жасасын деп отырмыз. Алып алатын сататындар болады”.
АЙГЕРІМ ЕСІМХАН – ТІЛШІ Бүгінде Балқаш жағасында жылына 52 мыңға жуық адам демалса, болашақта бұл көрсеткіш 450 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жағажай инфрақұрылымы дамып, жұмыс орындары ашылса – Балқаш еліміздегі басты туристік орталықтардың біріне айналуы ғажап емес.