-"

Ақтауда санитарлық талапты сақтамай, чипсы дайындаған нысан анықталды.23-ші шағын ауданы, 101-ші үйдің тұрғындары маңайларындағы кәсіпкерлік нысанның ауласында картопты қуырғандардың үстінен шағымдарын жеткізді.

Айтуларынша күйген майдың иісі берекелерін кетірген. Қоқысқа тасталған жарамсыз өнімдерді ауладағы ойын балалары чипсы деп ойлап жеп жүрген көрінеді. 

Бұл видеоны тұрғындар түсіріп алған. Чипсы дайындалатын орынның сиқы осы. Майдың түсі мұнай секілді қап-қара. Газ баллоны да ашық жерде тұр. Абайсызда өрт тұтанатын болса тілсіз жауды ауыздықтайтын құрал саймандары да  атымен жоқ. Ол аздай қуырылған чипсы қоқыс маңайында да шашылып жатыр.  

 ХУРЛИМА ЮСУПОВА АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мына жерден майдың иісі шығады, тамақтың иісі шығады, сыртта балдар шашып кетеді тамақтарын, мусорға. Мусордың бәрі бүлініп жатыр, сырты бүлініп жатыр. Кеше иесін шақырып айтқанбыз, талай ескерткенбіз біз. Ешкім тыңдап жатқан жоқ. Тамақтарын қалай болса солай сыртқа тастап кетеді. Оны балдар барып ұстап жатыр, жеп жатыр. Чипсы қуырады ішінде, қазанға салып. 4-5 газ баллон қойыпты».

Төтеншеліктер нысанға тексеру жүргізіп айыппұл салған. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ол жер кәсіпкерлік нысан болып тіркелмегенін айтады. 

НҰРЛАН ШЫРАҚБАЕВ АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИЯЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік желіде жарияланған видеода көріп отырғандай біріншіден кәсіпкерлік нысан болып есептелмейді, белгіленбеген орында тамақ дайындағанын көріп отырсыздар. Сонымен қатар ішіндегі антисанитариялық талаптар сақталмай жұмыс жасағанын көріп отырсыздар. Осы талаптарды ескере отырып, ӘҚБК 425- бабы, 1-ші тармағымен әкімшілік хаттама жасақталатын болады». 

Тұрғындардың түсірген видеожазбалары әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Осыдан соң  картоп қуырып жүргендер қоқыстың айналасын тазалап, қазанды да, қоршауды да алып кеткен.