Ақтауда қоғамдық тыңдаудың соңы дауға ұласты. Электр энергиясының бағасын көтеруге «Маңғыстау Жарық» мекемесі көпшіліктің пікірімен санасып көрмек болып еді, тұрғындар қарсылық білдіріп, керісінше тоқтың жиі өшетін проблемасын жөндеп, сапалы қызмет көрсетіңіздер деп өздеріне талап қойды.
Тұрғындар тариф бағасының көтерілуіне наразы. Осы мәселе бойынша өткен қоғамдық тыңдауға қатысқан Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының азаматтары «Маңғыстау Жарық» ЖШС басшылығына бұл өзгеріске қарсы екенін айтты. Солардың бірі – Лиза Жолманова. Басқұдық ауылы тұрғынының айтуынша, тоқтың жиі сөнуінен тұрмыстық техникалары күйіп, істен шыққан.
ЛИЗА ЖОЛМАНОВА — ТҰРҒЫН: «Мына біздің Басқұдық ауылының светінің проблемасын барлық адам біледі. Үйдегі техникаларымыз, менің мысалы, кеше жақында 600 мыңға алған холодильнигім күйіп кетті. Бұлар тарифті көтереміз деп жатыр дейді. Менің холодильнигімді кім төлеп, кім жөндеп береді? Қарайған ақшаға алып отырмыз. Бәріміз де қара халықпыз. Қайтадан пәленбай мың ақшаға холодильник алуға біздің де жағдайымыз келе бермейді. Білмеймін бұл мекемелер неге тарифті көтереміз деп отыр? Түсінбедім».
Қазір тұрғындар электр энергиясына – 17 теңге 40 тиын, заңды тұлғалар – 21 теңге, 38 тиын, ал бюджеттік ұйымдар – 68 теңге, 68 тиын төлеп жүр. «Маңғыстау жарық» мекемесі қарапайым халық тұтынатын энергия тарифін 10 пайызға, заңды тұлғалар үшін 19 пайызға, бюджеттік ұйымдар үшін 54 пайызға өсіруді ұсынып отыр. Алайда жиналғандар бағаның қымбаттауына келіспейтінін алға тартып, қоғамдық тыңдауға бойкот жариялады. Ал, жауаптылар жағдайдың нақты себебін түсіндіре алмады. Дегенмен бұл мәселенің әлі де талқыланатынын айтты.
ЖАНДОС САЛИМОВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Ұсыныс бойынша біздер хабарлайтын боламыз. Себебі ол хабарламаны ӘЖ арқылы жария беріледі. Жария тыңдау өткізу бойынша қағидаларға сәйкес міндет. Осы жария тыңдауда барлық ой пікірлер болып жатса біз жауап беруіміз керек. Қазіргі таңда осы мекеме бүгінгі келіп түскен өтімдер бойынша қорғау жүріп жатыр. Өзгеріс Электр энергия тарифтері бойынша сұрақтар айтып жатыр. Соған жауап беріп жатырмыз».
Жалпы орта есеппен әр отбасы 200 кВт үшін айына 3898 теңге төлейтін болса, жоспарланған тарифтерді есепке алғанда, шығындар 389 теңгеге өседі. Ал заңды тұлғалар үшін – айына 2728 теңге болады.