«Үйлі болдық!» деп қуанған ақтаулықтар енді «Үйді жөндеп беріңдер!» деп жүгіруге мәжбүр. Ақтаудағы Сарайшық тұрғын үй кешенінің басы дауда тұр. 4 жыл бұрын берілген баспананың ауласы тар, іргетасы әбден отырып қалған.
Тұрғын үй кешен жобасының түр-сипатына қызыққан тұрғындар енді тұрып жатқан жерлеріне наразы. 17 үйдің құрылысы аяқталар уақытында қарама-қарсы 17/1 деген екінші үй салынған. Енді көлік айналып жүрмек түгілі, бала ойнайтын алаңымыз да жоқ дейді тұрғындар.
АЙЫМГҮЛ ЖАНӘДІЛОВА БҚО АҚТАУ ҚАЛАСЫ САРАЙШЫҚ ТҮК ТҰРҒЫНЫ: «Мына инженерлік желілілер деген уже 4-5 жыл болды ғой, сынып жатыр, тозып жатыр. Сол уақыттарда біз ЖЭК-ке жалынамыз. Мына КЖСА бізге қызмет көрсету керек қой. Ол балансында болмағандықтан акимат біз жауап бермейміз дейді. Енді тұрғыдар ЖЭК-қа жалынып сосын ЖЭК жасап беріп отыр бізге».
ДИНАРА ҚАРТҚОЖАЕВА БҚО АҚТАУ ҚАЛАСЫ САРАЙШЫҚ ТҮК ТҰРҒЫНЫ: «Біз айттық сіз проектта вообще басқа үйді көрсетіп отырсыз деп, сіз неге оны саласыз дегенде ол тек эскиз деді. Тұрғындар қарап соған біз фундаментінен бастап ақша салып сол үйді алды ғой дедік, жоқ ол менің жерім не істесем де өзім білем деді. Парковка жөнінде акиматтан жерге рұқсат алыңдар деді. Оған барсақ к7-ге жібереді. Біз шаршадық».
Жыл бойы әкімдік пен жауапты компанияның артынан жүгіріп шаршаған жұрт, сотқа жүгінуде. Тілшімен тілдесуден қашып, аудиомен құтылған компания мамандарының әуені сол баяғыдай.
ШАЛҚАР ЕРБОЛҒАНОВ МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ: «Автотұрақ орналасқан жерді кеңейту бойынша, тұрғындар ОСИ тағайындап, ОСИ-дің тарапынан жергілікті атқарушы органға, тұрғын үйдің аумағын кеңейту бойынша арыз немесе өтініш білдіруі қажет. Құрылыс мекемесі мемлекеттік АКТ пен рәсімделген жер учаскесінің аумағында ғана құрылыс жұмыстарын жүргізе алатындығын ескере отырып, мемлекет меншігіндегі аумаққа автотұрақ салып беру мүмкін емес. Егер тұрғындар жер учаскесін ОСИ-дің атына рәсімдеп алатын болса, тұрғындар өздерінің тарапынан салу керек. Біз кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін, мердігер тарапынан қандай да бір жұмыстарын жүргізу мүмкін емес».
4 жылда бір рет болсын жарық пен су желілерін тиісті мекемелерге өткізбегенін мойындағандарымен, автотұрақ салып бермейміз деп мәселені шорт кесті. Расында, тарыдай жерге дардай көлік тұрағының салынбасы анық. Сөйлесудің астарына қарасақ, кепілдік мерзімін өткізіп алған компания ендігі мәселені тұрғындар өздері шешуі тиіс деген сыңайлы.