Павлодар облысындағы"Майқайың-алтын" кенішіндегі опырылған жерде іздестіру жұмыстарының нәтижесінде кеше кешкісін құтқарушылардың автобусы табылды. Жеті айға жуық жер астында жатқан автобусты шығаруға қолайсыз ауа райындағы топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілуде.Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары басталған.Көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінген.Еске сала кетейік, 4 қаңтарда шахтаға құлап кеткен автобустың ішінде төрт құтқарушы болған еді. Олардың екеуінің денесі сол күні табылып, жер қойнына тапсырылды.
Кейін бір жарым айға жалғасқан іздестіру жұмыстары қауіптің жоғары болуына байланысты тоқталып, маусым айында қайта жанданған еді.Бір апта бұрын яғни 19 шілде күні мамандар тағы бір құтқарушы Айдос Шаймерденнің денесін тапқан болатын. Ал 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. "Жақын арада іздестіру жұмыстары күткен нәтиже береді деп үміттенеміз", - деп атап өтті аймақ басшысының баспасөз қызметі.