Ақтаудың қақ ортасында 20 жылдан астам уақыт табиғи газға қосылмаған үй бар. Ертеректе жатақхана болған нысан, бертін келе жекешелендірілген. Содан бері тұрғындар көгілдір отынсыз күн көруде. Бұдан бөлек үйдің жылу жүйесі орталықтандырылған желіге қосылмапты. Күн суықта тоқ пеш пайдаланатын олар, жергілікті билік осы мәселемізді бір жағына шығарып берсе деген базынасын айтты.
Бұл 23-ші шағын ауданы, 101-ші үйдегі Жанәлі ақсақалдың пәтері. Қабырғалары сыз тартып, көгіріп тұр. Баспанасын осындай тоқ пешпен жылытуға мәжбүр. Себебі, 1987-ші жылы салынған 35 пәтерден тұратын бүтін бір үй, әлі күнге дейін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған.
Жылу жүйесіне қосылу тек Жанәлі қарияның тілеуі емес. Осы үйде тұратын барлық тұрғынның арманы. Олар ай сайын тоқ көзіне қыруар қаржы төлеуден әбден шаршағандарын айтады.
ЖАНӘЛІ ЕСЖАН – ТҰРҒЫН: «Үйдің төбесінен 4-ші этаждан бастап, 2-ші этажға дейін су ағады. Жыңбыр жауған күні, қар ериді, суға батамыз. 1998-жылдан бері біз отопление дегенді ұмыттық. Бір жерде труба жарылды, ТВСке бардық, әкімге бардық, біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп бастарын алып қашады».
Жылу жүйесін ретке келтіру үшін әкімдік тиісті шарасын қолға алғандарын айтып, әрекет етіп жатқандарын алға тартты. Үйдің ішіне жылу құбырын толық жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарын жасақтау қажет екен.
НҰРАДДИН КӨШЕРБАЕВ – АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ Осы құжаттама қазір жасалу үстінде. Осы құжаттама дайын болғаннан кейін, тұрғындарға тағы қанша қаражат көлемі есептелгендігі таныстырылып, қайтарымды қаражат есебінен Ақтау тұрғын үй ЖШС мамандарымен бірлесіп, жұмыстар атқарылатын болады.
Жылудың жыры келесі жылы шешімін табатынға ұқсайды. Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір күрмеуі шешілмеген мәселе - үйге табиғи газдың құбыры тартылмағандығы. Барлығы бірдей газ баллон пайдалануға мәжбүр. Ал оның зардабы айтпасада түсінікті. Осыдан бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бірінде өрт болып, апаттың алды алынған.
НАСИХА ЖҰМАШЕВА – ТҰРҒЫН: «Газ утечка болып тұрып, газ плита жарылып, өртеніп, сол тек кухням өртенді. Баллонды далаға шығарып үлгердік. Халықтың бәрін далаға шығардық. Пожарный жақын ғой. Жетіп, келіп, пожарный система да жоқ бізде іште. Артқы жағынан тоже кіретін орын болмай, әйтеуір подъезден кіргізіп барып сөндірген».
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының мәліметіне сәйкес, газ құбырын жүргізу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу шаралары басталып кетіпті. Техникалық шарты мен жер құжаттары мамандардың қолында екен. Бұл шаруаны аяқтау үшін келесі жылдың бюджетінен қаражат сұратылған. Егер мақұлданса, тұрғындар көгілдір отынмен қамтылатын болады.