Бостандыққа шығатын педофильдерді өмір бойы бақылауда ұстау керек. Өйткені, бұл азғындар ешқашан өзгермейді. Осылай деген мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педофильдерге қатысты заң асығыс қабылданып кеткенін айтады. Одан бөлек мәжілісмендер жас балалардың насыбай атып жүргеніне алаңдайды. Сондықтан, бұл мәселеге Үкімет өзі араласып, насыбайға қатысты заң талаптарын барынша қатайтып, оған мүлдем тиым салу жөнінде шешім қабылдауы керек дейді. Толығырақ алдағы бейнесюжетте.

Бүгін депутаттар маңызды заң жобасын талқылады. Үш сағаттан астам уақыт бойы олар Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енетін өзгерістер мен толықтырулар туралы құжатты қарады. Жаңа заңға сәйкес енді құқық қорғау органдарына қылмыстық істің кем кетігін түзеуге мүмкіндік берілмейді. Алқабилерге қатысты да жаңашылдық бар. Енді судья алқабилермен бір бөлмеде қалмайды. Демек, олар шешімді судьясыз қабылдайды. Бірақ депутаттар бұл заң жобасы да шикі болып қала ма деп алаңдайды. Себебі, бұған дейін бір апта бұрынғы әйелдер мен балалардың құқығы және қауіпсіздігі туралы құжат асығыс қабылданып кетті дейді. 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бірнеше апта бұрын өте маңызды заңды қабылдадық. Ол – педофилдерді өмір бойы бас бостандығанын айыру. Олар енді өмір бойы түрмеде отыруы керек. Бірақ бұл норма мұның алдында сотталған педофилдерге қатысты болмайды. Яғни алдында сотталғандар бостандыққа шыға береді. Біз бұған бір норманы ұсындық: енді бостандыққа шығатын педофилдерге әкімшілік қадағалау немесе пробациялық бақылауды енгізу. Яғни бостандыққа шығатын педофилдерді енді өмір бойы бақылауда ұстау, олар қайда жұмыс істейді, қай жерде тұрады, керек болса картаға шығаруды ұсыну қажет. Өйткені бұл азғындар, айуандар ешқашан өзгермейді. Оны мен айтып отырған жоқпын, оны бізге ғылым көрсетіп отыр. Бұл түзету, бұл норма неге қолданылған жоқ?»

Ал, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов болса жаңа заңды таныстыруға келген Әділет министріне «Әділетті Қазақстан» қашан орнайды деп  сұрақты төтесінен қойған еді. Алайда, жауапты ведомство басшысы депутаттың бұл сұрағына мардымды жауап бере алмады. Мемлекеттік органдарымен пысықтап, қосымша жазбаша жауап беремін деп құтылды. 

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «429-бапқа қатысты ұсыныс беріп отырмыз. 429-бапта өзіңіз білетіндей, “қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемесінің қызметкеріне және оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу” дейді. Бұл қалай? Біз Қылмыстық кодекстің бір бабымен адамды соттап отырмыз, ал екінші бабымен қорғап отырмыз... Бұл неге жол ашып отыр? Мекеме әкімшілігімен келісімге барып алып, басқа сотталушыларға зорлық-зомбылық көрсетіп отырған фактілер жетерлік. Екінші сұрағым бүгінгі заңға қатысты болмаса да, айтатын басқа жерім жоқ... Сондықтан айтуға мәжбүрмін. Ішкі істер министрлігі, Бас Прокуратура, Жоғарғы соттың өкілдеріне: Біздің Президенттің халыққа үміт берген бір сөзі “Әділетті Қазақстан” деген сөз еді. Қазір Қазақстанда кез келген адамды көшеден алып кете салып, қамай алатын ІІМ бар, оған жоқ жерден айып тағатын Прокуратура бар, оған шешім шығара салатын Сот бар. Осы орайда “Әділетті Қазақстан” орнатуды қашанға жоспарлап отырсыздар?»

Ал, енді бір топ мәжілісмен ертеңгі ұрпақтың денсаулығына алаңдаулы. Мектеп оқушылары жаппай насыбай атып жүр деген олар Ішкі істер министрлігі мен Премьер-Министрдің орынбасары бұл мәселені дереу қолға алып, тоқтату керек деп санайды. 

ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда тыйым салынғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!»

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, халықтың 10 пайызы насыбай тұтынатын көрінеді. Сатушыларға үкімет еш шектеу қоя алмай отыр. Себебі, қолданыстағы заңға сәйкес насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен 5 айлық еспетік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады екен. Ал, шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр дейді.