Алаш жұрты журналист, жазушы Жұмабай Шаштайұлын ақтық сапарға шығарып салды. 74 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасқан жазушы еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Жұмабай Шаштайұлы «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты шығармаларымен оқырманға танылған.

Қаламгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылының мәдениет үйінде өтті. Оған ақынның замандастары мен туған-туыстары келіп, оның адамгершілік қасиеті мен азаматтық ұстанымы жайлы елеулі естеліктер айтты.
НҰРЛАН ОРАЗАЛИН, АҚЫН 
«Қаламының ұшынан қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ащы ақиқаты мен шындыөтары төгіліп түскен. Қайта келмейтін суреткер. Ж. Шаштайұлын ақтық сапарға шығарып салып жатырмыз».

Жұмабай Шаштайұлы әр жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» және өзге басылымдарда басшылық қызмет атқарған. Qazaqstan ұлттық телеарнасында «Үзеңгі жолдас» бағдарламасын жүргізген.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жұмабай ағамыз, ақкөңіл, адал, елге, ұлтына, халқына бүкіл ғұмырын арнаған адам. Өте мейірімді, кішіпейіл, қарапайым адам болатын. Сол асыл қасиеттерімен біздің есімзде, жадымызда мәңгі сақталады деп ойлаймын».

Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы 10 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған жазушының артында том-том еңбектері қалды. Сондықтан, оның жан дүниесінен шымырлап шыққан шығармалары халқымыздың жадынан мәңгі өшпесі анық.