Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында №207 мектеп-лицейінің білім алушылары "Бір күн – бір кәсіп" челленджіне қатысып, Қазақ радиосына танымдық экскурсия жасады. Кездесу барысында оқушылар радио саласының жұмыс үдерісімен танысып, бұқаралық ақпарат құралдарындағы түрлі мамандықтардың ерекшеліктерін зерделеді.

Экскурсия барысында білім алушылар радионың күнделікті жұмыс тәртібімен танысып, эфирлік бағдарламалардың дайындалу кезеңдерін көрді. Оларға журналист, жүргізуші, редактор, дыбыс режиссері сияқты мамандардың қызметі және әрқайсысының шығармашылық әрі кәсіби үдерістегі рөлі туралы кеңінен ақпарат берілді.

Радио мамандары оқушыларға кәсіби қызметте сөз мәдениеті мен тіл тазалығының, дұрыс сөйлеу мен дикцияның, дауыс мәнері мен интонацияның маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар эфирге шығарылатын ақпаратты дайындау, мәтінмен жұмыс істеу, сұхбат жүргізу және тыңдарманға ақпаратты сауатты әрі түсінікті жеткізу мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, радио журналистикасының қыр-сырына қанықты. Практикалық тұрғыда ұйымдастырылған экскурсия білім алушыларға мамандық туралы теориялық түсінікпен шектелмей, оның нақты жұмыс барысын көзбен көруге мүмкіндік берді.

Мұндай кәсіби ортаға бағытталған кездесулер жасөспірімдердің еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, мамандық таңдаудағы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді. Әсіресе журналистика, медиа, тіл мен әдебиет салаларына қызығушылық танытатын оқушылар үшін радио редакциясының жұмысымен танысу кәсіби бағдар тұрғысынан маңызды тәжірибе болды.

"Бір күн – бір кәсіп" челленджі аясындағы бұл кездесу білім алушылардың түрлі кәсіп иелерінің еңбегін бағалауына, кәсіби дағдылар туралы нақты түсінік қалыптастыруына және болашақ мамандығын таңдауға саналы түрде дайындалуына бағытталды.