БҚО да су басқан аймақтардан 4935 мал басы аман құтқарылды.Өкінішке орай 341 бас ірі қара, 63 жылқы,1741 қой шығын болған. Бүгінгі таңда өлекселер өртеліп, толығымен жойылған.
Тасқыннан аман қалған төрт түлікті қауіпсіз жерге көшіру қарқынды жүргізілуде. Ыңғайлы деген мына жерге жұмыртұяқ пен аша тұяқтылардың біраз басы жеткізілген.
СЕРІК НҰРМАҒАНБЕТОВ БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ «Қазіргі уақытта біздер “Шамшырақ” АӨК аумағында тұрмыз. Бұл жерде Куриный, Борлы тау, Коминтерн және 1, 2, 3-ші саяжайлардағы тұрғындардың малы орналасқан. Осы жер қауіпсіз деп белгіленген болатын. Су тасқынының алдында осы орынға 64 бас ірі-қара, 46 бас қой және 10 бастың үстінде жылқы жеткізілді. Қазіргі таңда тағы да мал басы әкелініп жатыр. Әрине, кері алып кетіп жатырғандар да бар».
Аман қалған төрт түліктің біраз басын қауіп қайтқан соң мал иелері қайта алып кеткен. Мұндағы қалған малдарға жем-шөп беріліп, уақытылы суарылады.
ЕРТАРҒЫН ЛЕКЕНОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Осында 9 бас алып келдім. Жүр әзірге таңертең, кешке келіп жайлап кетеміз. Саумаймын, барлығы емеді. Бұзаулары өзімен бірге».
Жағдай орын алғалы өңірдегі 8 мал моласын су шәйған. Сырым ауданы Жымпиты ауылдық округінің Өлеңті ауылында сібір жарасына арналған 3 көміндіні су басқан. “Орал обаға қарсы күрес станциясының” көмегімен ол жердің топырағы сынамаға алынып, зерттеуге жіберілген.
ЕРЛАН ИЩАНОВ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНЦИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Төтенше жағдай басталғалы бері осының басына 95 бас ірі қара, 10 бас жылқы, 47 бас ұсақ мал келді. Төлдердің бәрін сырғалап жатырмыз. Диагностикалық зерттеу жергізіп жатырмыз бруцеллез ауруына қарсы. Сосын вакцинациялар жүріп жатыр. Сібір жарасына ортасына интервалдарын салып содан кейін аусул ауруына қарсы іс-шаралар атқарылуда».
Өлген барлық төрт түлік толық өртеліп, орны дезинфекцияланған. Қазіргі таңда ветеринар мамандар эпизоотияға қарсы іс-шаралар атқарып жатыр.