"

«Аялдамаға жеткенше аяқтан айырылуға шақпыз» деген Батыс қазақстандықтар БАҚ өкілдеріне уәждерін айтты.Сондай-ақ жарық мәселесі де жығылғанға жұдырық болған.

БҚО-ның Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінің тұрғындары қоғамдық көлік аялдамасының алыстығынан зардап шегіп,  қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгінген. 

БАЛЖАН ИЛЬЯСОВА БҚО МИЧУРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Енді бір ай болды. Трубканы алмай тұр олар».

ТӨЛЕПҚАЛИ ӘУБӘКІРОВ БҚО МИЧУРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біздер немерелерімізді, жиендерімізді мектепке тасимыз. Қиындықтар туындайды біздерде».

№39 маршруттың соңғы аялдамасының орналасқан жеріне де тұрғындар разы емес.

ХИСМАТ АХМЕТОВ: «Балаларға кедергі келтіреді. Балдар ойнайды».

Мичурин ауылдық округінің әкімі тұрғындарға не үшін өтінішті қанағаттандырмағанын түсіндіріп берді. Белгілі болғандай мәселенің барлығы қаражатқа келіп тіреліп тұр. 

МАКСИМ МУСАЛИМОВ БҚО МИЧУРИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:«Қазіргі таңда субсидия жоқ. Субсидия шешіп алса ұзартады маршрутты».

Жылуы мен жарығынан да келер мәселе көп. Тұрғындардың сөзінше, жел тұрса жарықтан, қар түссе жылу құрылғыларынан айырылатын көрінеді.

ТӨЛЕПҚАЛИ ӘУБӘКІРОВ БҚО МИЧУРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Біздер қыстай светтен қор боламыз. Оны қарап жатқан ешкім жоқ».

Мичурин ауылында көшедегі 128 істен шыққан жарық шам ауыстырылады. Ал, электр желілілеріне қатысты жобалар жасақталуда деп қайырды әкім Максим Мусалимов.

МАКСИМ МУСАЛИМОВ БҚО МИЧУРИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «1-ші сентябрьге дейін біздер ондап береміз. Сол үшін шамдар жатып кетеді. Действительно бізде мичурин ішінде ол. Госэкспертиза жібереді уже»

Тіршілік көзі мен қоса тіршілік нәрінен де құр қаламыз кейде дейді тұрғындар. Бұл жерде орталықтандырылған су құбырлары өткізілмеген. Әр үй өздеріне құдық соқтырып, солай күн көруде. 

ТӨЛЕПҚАЛИ ӘУБӘКІРОВ БҚО МИЧУРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Көшіп келгенде су жоқ болды. Қор болып отырмыз судан».

Әкімдіктің сөзінше, су құбырларын қайта жаңғырту жобасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Бірақ, теріс нәтиже алып, жұмыстар соңына дейін жеткізілмепті. 

АЛТАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ БӘЙТЕРЕК АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Содан кейін қайтадан осы корректировка жасап, жоспарлап отыр» 

Әкімдіктегілер жобаны қайта жасақтамақ. Сәтін салса, бюджеттен қаражат қарастырылып, мәселе шешілмек. Бірақ, бұл ауылдың мәселесінің тек бір бөлігі. Бұдан бөлек жол, қоқыс сынды түрлі мәселелер таудай үйіліп тұрғаны тағы бар.