"

Қазір көкөніс пен жеміс-жидектер сататын дүкендер мен базарларда қарбыздың саудасы қызды. Бақша өнімінің бұл түрі сауда орындарында да толып тұр. Десе де қауын-қарбыздың жедел-ішек инфекциясының өршуіне себеп боларын ұмытпаған жөн. Жалпы, тұтынушылар қауын-қарбызды сатып аларда нені ескеруі керек? Бұл сауалдың жауабы келесі бейнематериалда.

Әр жазда халықтың басым бөлігі базар мен сауда орындарына қарбыздың шығуын асыға күтеді. Жаздың соңғы тамыз айы қарбыздың әбден пісіп-жетілген мерзімі болып есептеледі. Әсіресе, аптап ыстықта шөл басу үшін бұл бақша өнімнің пайдасы сөзсіз зор. Десе де, эпидемиологтардың айтуынша, көкөніс пен жеміс-жидектерден уланудың ішінде жазда ең көп таралғаны – қарбыздан улану. Оның екі негізгі себебі бар. Микробтық және микробтық емес. Бірінші жағдайда уланудың себебі жидектің қабығындағы немесе ішіндегі бактериялар мен қоздырғыштардан болады. Екіншісінде, жеміс өсіру кезінде қолданылатын нитраттар мен пестицидтер қауіп бар. 

КЕНЖЕГҮЛ ҚОНЫСБАЕВА АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қарбызды сатып алған кезде, оны кеспеуге кеңес береміз. Себебі, сыртындағы лас заттар ішіне енуі мүмкін. Осы кезде улану қаупі жоғары болады. Тынайтқыштарды дұрыс қолданбау да нитраттардың жиналуына алып келеді. Қазақстанда қарбыз көбіне Алматы, Жамбыл, Қызылорда облысында өсіріледі. Оны өсіру кезде агротехникалық және қауіпсіздік нормаларын сақтауға байланысты».

Бақша дақылдарымен уланудың алғашқы белгілері оларды жегеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болуы мүмкін. Алдымен адамның жүрегі айниды.

КЕНЖЕГҮЛ ҚОНЫСБАЕВА АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қарбыздан уланудың белгілері: Жүрек айну, құсу, диарея,әлсіздік және дене қызуы көтеріледі. Алғашқы белгілері пайда болған кезде міндетті түрде медициналық комекке жүгінген абзал. Дәргер келгенге дейін көп мөлшерде су ішіп, белсендірілген көмір қабылдауға болады. Қарбызды белгіленген орындардан сатып алу керек».

Айта кетейік, осы маусымда ерте көкөністер мен бақша дақылдарының нитраттарымен улану фактілері тіркелген жоқ. Алайда, Алматы қаласы бойынша қарбызды тұтынуға байланысты тағамдық токсикоинфекцияның 9 жағдай тіркелді. Оның негізгі себептерінің бірі жуылмаған қарбызды жеу, сондай-ақ кесілген қарбызды дұрыс сақтамағаннан болды.