Бұдан былай еліміздегі биік үйлер мен биік ғимараттардағы өрттер дрондардың көмегі арқылы сөндірілетін болады. Төтенше жағдайлар министрлігі 120 млн теңгелік екі дрон сатып алмақ. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек деді Премьер-Министр бүгін Үкімет отырысында.

Жеке тұрғын үйлердегі өрттің басым бөлігі пеш конструкциясындағы ақаудан шығады. Олар негізінен халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерге тиесілі. Көбінесе осы санаттағы адамдар балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себебінен, балалар өлімі орын алады. Осындай оқиғаның бірі, жақында Жетіқара қаласында болды. Үйде қараусыз қалған бес бала қаза тапты. Аталған фактілерді ескере келе, әлеуметтік осал топтарды Министрлік өзінің ерекше бақылауында ұстауда. Бүгінде мұндай есепте тұрған жүз мыңнан астам үй бар дейді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов. Айтпақшы, енді өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі өзгереді.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралған. Биыл тамыздан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады. Жалпы елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет. Алғаш рет биік ғимараттарда өртті сөндіретін 2 дрон сатып алынады. Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің мұқтаждығына бөлеміз».

Ал, үкімет басшысы Олжас Бектенов болса, әкімдер жұмысын сынап, оқыс оқиғаларды азайту керектігін айтты. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды. Жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алады. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс».

Жоғарыда министр айтқан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйлері енді министрліктің тікелей өз назарында болады. Ондай үйлерге улы газ датчиктері тегін орнатылады. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына улы газ датчиктерін тегін орнату қажет. Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Аталған әкімдіктер жұмысты күшейтіңіздер».

Үкімет басшысы үй иелерінің бейқамдығы да жағдайға кері әсер етіп отыр деді. Көп адамдар ақауы бар пеш жағады. Қысқа дайындық шараларына салғырт қарайды. Қарапайым қауіпсіздік техникаларын бұзып жатады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандырып, қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізулері керек деді.