Бақытты отбасын қалай құруға болады? Бұдан былай ел жастары үй болып, тұрмыс құрар алдында арнайы оқудан өтеді. Бұған Мәдениет және ақпарат министрлігі бастамашыл болған. Оған себеп: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқаны. Статистика көңіл көншітпейді.

АИДА БАЛАЕВА ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

«Статистика көңіл көншітерлік емес. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда».

Ішкі істер министрлігінің дерегінше тұрмыстық қылмысқа баратындардың көбі мас күйде болады. Соңғы үш айда отбасында жанжал шығарып, жазаға тартылғандардың саны 4 есеге өскен. Қамауға алынғандардың саны да 2 есеге артқан. Сондықтан, елімізде бұдан былай бақытты отбасын құрудың негіздері арнайы оқытылатын болады. 

АИДА БАЛАЕВА ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

«Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осылайша, үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндіріледі. «Осыған орай БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірлерге енгізуді қолға аламыз».

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Жалпы отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуы тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды».

Айта кету керек, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Зорлық-зомбылық көргендер үшін Республика бойынша жедел желі мен сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істеп тұр.