"
Ақмола облысының диқандары миллиардтаған сомаға шығынға батуымыз мүмкін деп дабыл қағуда. Оған себеп, егістік алқаптарды жабайы киіктер таптап кеткен. Биыл облыс бойынша 19 мыңнан астам киік тіркелді. Олардың санын анықтау үшін жыл сайын көктем уақытында «Охотзоопром» кәсіпорны тікұшақ арқылы есеп жүргізеді. Өңірде киіктерді аулау жұмыстары басталды. Оларды арнайы тормен ұстайды. Оның ұзындығы 2,5 шақырымға дейін жетеді. Жауапты мамандардың айтуынша, жануарды торға түсіру өте қиын.Атуға тыйым салынады. Сондықтан мамандар алдымен торға түсіріп, артынша сояды. Кейін ет комбинатына тапсырылады. Киік етінің бір келісі 4211 теңге. Мүйіздері "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының қоймасында сақталады.
ЕРЖАН САҒЫНАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ АЙМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
«Қорғалжың ауданының Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агро Продукт" серіктестігінің ет өңдейтін комбинаты бар. Биыл еліміз бойынша 2 миллионға жуық киік тіркелді. Оның күрт көбеюіне байланысты тамыздың 16-сы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Киіктердің популяциясын басқару шаралары туралы» қаулысы қабылданды. Қыркүйектің 15-і мен қарашаның 30-на дейін ақбөкендердің саны реттеледі».