Бұдан былай есірткі әзірлегендер анықталып, ұсталса өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бүгін Мәжіліс заңға енген осындай өзгерісті мақұлдады. Ресми дерекке сүйенсек, есірткіге еліретіндер қатары азаймай тұр. Тіпті қорқыныштысы, адам ағзасына «күшті әсері бар» медициналық препараттар дәріханаларда жастарға қолжетімді. Бұл заң осындай олқылықтардың алдын алады.

Есірткі өндірушілер жеңіл жолмен табатын ақшаға әбден құныққаны соншалық, жастар санасын улайтын «синтетикалық» есірткіні жаппай өндіруге көшкен. 2019 жылы - 3, 2020-да  8 заңсыз есірткі зертханасы табылып жойылса, былтыр 81 жасырын лаборатория анықталған. Ал, биыл жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылып, онда 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесіліпті, бұл 3 миллион доза және мыңдаған құтқарылған өмір. Енді мұндайларға жаза қатаң. Өмір бойы бас бостандығынан айырылады. 

СНЕЖАННА ИМАШЕВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 
«"Трамадол", "тропикамид", "азоттың тотығы", "сомнол", "прегабалин" және тағы сол сияқты медицина препараттарын жасөспірімдер тым көп пайдаланып жатыр. Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, нәтижесінде оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті». 

21 ғасырдың дертіне заңды қатайту арқылы ғана тосқауыл бола аламыз дейді мәжілісмендер. Енді жаңа құжатты сенат мақұлдаса, депутаттар  есірткі өндіретіндер сап тыйылады деген үмітте. Айтпақшы, бір топ халық қалаулысы су тасқынының алдын алмаған жергілікті шенеуніктерді жауапқа тарту керек дейді. 

АБЗАЛ ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 
«Су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады. Алайда осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. – Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені, өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады».

Депутат Нартай Аралбайұлы болса, халықты бос әбігерге салмай, су астында қалған саяжайларға қатысты мәселені біржақты шешу керек дейді.  Үкімет өтемақы төлеуде бірізділік жоспары жасау керек деген ұсыныс айтты. 

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп, өкпесі күркілдеген көк жөтелге душар қылатыны сараптамасыз –ақ, саналы адам түсінетін дүние. Саяжай дегенің қазақ үшін демалы күндерін өткізетін емес,тұратын тұрақты орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты мәселе тоқтамай тұр. Бұл өкінішті жағдай. Өйткені, ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан қай жерден басқа үй ұсынылады бұл әлі орталықтаныдырлмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт еді». 

Су тасқыны тоқтаған соң, экология қалай болады деген мәжілісмен Мақсат Толықбай халықтың денсаулығына алаңдайды.Сондықтан, тазалық жұмыстарын қазірден бастау маңызды деп отыр. 

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді. Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбірлігі ғана. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін. Қайтпек керек?! Қазір ел бойынша "Таза Қазақстан" тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара Президент айтқандай; "Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін.  жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт" емес пе! Осы науқаншылықты қояйықшы».

Өзге депутаттар да әріптесінің бұл ойын қолдай кетті. Тазалыққа халықты мәжбүрлеп емес, ерікті түрде үйрету керек деген пікірде. 

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Кейбір пысықайлар көшеде келе жатып, бос бөтелкелерін, темекі қалдықтарын көліктің терезесінен ешбір алаңдамай далаға лақтыра салады. Қоғамда әлі де азаматтарымызда қоқысты арнайы жәшікке тастау мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Аптаның бір күнін нақтылап айтсақ әр бейсенбі «Тазалық бейсенбі» деп атап шынайы халықтық шараға айналдырсақ екен деймін. Адамдарды мәжбүрлеп емес, туған жеріне жанашырлықпен ат салысуына жағдай жасайық».