"
Талантты жастарды алалауды қойып, тамыр- таныс емес, ұлттық мүддеге жұмыс істеу керек. Ол үшін шұғыл түрде спорт саясатын реформалау қажет. Осылай деген мәжіліс депутаттары бүгін жаңа сайланған туризм және спорт министрін жан-жақтан сұрақтың астына алды. Олар жаңа министрден спорт федерациясының басшыларын жүрегі «қазақ» деп соққан қазақ азаматтарынан қоюды талап етті. Толығырақ алдағы сюжетте.
Спорт саласы сын көтермейді. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатса да, спортшыларымыз ел намысын қолдан беріп жатқаны қынжылтады дейді депутаттар.
ЕРЛАН САИРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Пинчак силат, биатл, триатл, питанк, тенкбол, инфайт деген ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландыруды қажеті қанша деген сұрақ туады? Мысалы, Ұлыбританияда 15 спорт түрі тіркелген. Өзбекстанда 17 тіркелген, Германияда 17 спорт түрі тіркелген. Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген екен. Бұл не мырзалық?»
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: «Шынымен халық көкейінде жүрген сауал. 180 спорт түрлерінің ішінен басымды спорт түрін анықтау. Осы заң аясында жүріп жатыр. Олимпиада, параолимпиада, Азия, параолимпиада ойындары мен ұлттық спорт түрлерін осы бағдарламаларда басым 60 спорт түрін бекітеміз. Министрлік тарапынан мониторинг тобы құрылған, солар өңір-өңірде саралап, анализ жасап жатыр».
Ал, депутат Айдарбек Қожаназаров болса, жылдар бойы жетім баланың күйін кешіп келе жатқан ұлттық спорт мәселесін көтерді. Ол өз ұлттық құндылықтарымыздың дамудан кенже қалып жатқанына қынжылады.
АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Есеп бергенде бәрі әдемі, ақша бөлініп жатыр. Бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, біз өз еліміздің дәстүрлі ойындарына келгенде “өй, ауылдың жігіттеріне осы да жарайды” деген теріс көзқарас танытамыз. Дұрыс, ауылдың жігіттері көкпарды, асықты, садақ атуды тап қазір қолдамай қойсақ та ойнай береді. Бірақ біз бұл жерде халықаралық деңгей туралы айтып отырмыз. Айналаға қараңыздар, қазір әр мемлекет өзінің ұлттық ойындарына ерекше көңіл бөледі. Жоқтан бар жасайды. Біз бар дүниені ұқсата алмаймыз».
Әрине, спорт тақырыбы көтерілгенде легионерлер мәселесі де шет қалмады. Легионерлерді шақырып, миллиондар шашамыз. Намыс үшін. Алайда олардан көріп жатқан нәтижеміз жоқтың қасы. Сайып келгенде, елдің намысы - осы елдің азаматтарына керек деген халық қалаулылары бұл тәжірбиені тоқтату керек дейді.
АБЗАЛ ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Қазір ұлттық құрамада Қазақстан азаматтығын алып алған шет елдік легионерлер жетеді. Бірақ олардың жеткен жетістіктері ауыз толтырарлықтай емес. Оларға келген кезде Үкімет ақшаны да үйіп төкті. Азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ Париж алдында Қазақстан азаматтығын алып алған 2 теннисші жарысқа қатысудан бас тартты. Болашақ жас спортшыларымыздың жолын кестірмейтіндей министрлік тарапынан заңнамада тетіктер қарастырылған ба жоқ па?»
Алайда, жауапты министр ол мүмкін емес екенін айтады. Қайта енді алда Қазақстандағы спортты дамыту үшін шет елдік ғылыми топ пен бапкерлік корпусты шақыру жоспарда бар көрінеді. Осылайша, министрлік отандық спорт мектебін қалыптастыруға ден қоймақ.