Демалыстың нағыз жанға қуаныш сыйлар түрі отбасылық саяхат.Петропавл қаласында тұратын бір отбасы 3 баласын ертіп, жеңіл автокөлігімен шетел асып, Түркияның Стамбул қаласына дейін барған. Олардың айтуынша, бұлайша саяхаттау әлдеқайда тиімді. Біріншіден,бірқатар ел мен жер көресің. Ал, екіншіден қаражат аз кетеді.
Сейдалиевтер отбасы Түркияға сапарды осы жылдың сәуір айында жоспарлаған. Жеке көліктерімен 8 күн жүріп Түркияға жеткен. Негізі, көлікпен саяхаттау отағасы Рустамның ұсынысы болған екен.
РУСТАМ СЕЙДАЛИЕВ, ОТАҒАСЫ «Біз өзіміздің «Камри» маркалы көлігімізбен бардық. Көлемі – 2,5. Оны мен Грузия елінен алдым. Қазақстанға дейін өзім жүргізіп келдім. Жолдағы табиғатқа ғашық болдым. Отбасымның да сол сұлулықты өз көзімен көргенін қаладым».
Отбасы Түркияға Ресей және Грузия арқылы барған. Саяхат барысында 15-ке жуық қалаға тоқтап, әрқайсысын аралап, ерекшелігін көрген. 11 мыңдай шақырым жолды еңсеруге,бас аяғы 2 аптаға жуық уақыттары кеткен.
ЖҰЛДЫЗ ҚҰРМАНОВА ОТАНАСЫ «Балалар қиналған жоқ. Өздерін еркін ұстады. Арнайы орындары болды. Телефонға суретке түсіріп, қызықтап отырды. Біздің туған туыстарымыз сапар туралы білді. Ал, достарымыз, әріптестеріміз бәрі таңғалуда. Қалай барып келдіңіздер деп, бәрі сұрап жатыр. Бізде өз отбасымызбен барсақ екенқызығушылық танытқандар да жетерлік».
Отбасы әр мемлекеттердің шекарасынан еш қиналмастан өткенін айтады. Олардың сөзінше, көлікпен саяхаттау арқылы 2 есе көп дүниені көруге болады.
РУСТАМ СЕЙДАЛИЕВ ОТАҒАСЫ «Барып-келуге барлығы шамамен 1 млн 500 мың теңгедей кетті. Негізі, бұдан аз жұмсауға болар еді. Бірақ, өзімізден ешнәрсені аяған жоқпыз. Жанармайдан қиналдық деп айта алмаймын. Барлық жерде шамамен бірдей баға. Жұбайым екеуіміз бұған дейін Дубайға турмен барғанбыз. Оған да осындай қаражат жұмсадық. Бірақ, әрине онда қыдырған жерлеріміз бұдан тіптен аз болды».
Сейдалиевтер шаңырағы мұнымен тоқтап қалмай Португалияға баруға дайындық үстінде. Осылайша, бір саяхат барысында түгел Еуропаны аралап үлгермек.