Елімізде ұшқыштарды даярлайтын тағы бір орталық ашылды. Жаңа жаттығу кешені Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиабазасында орналасқан. Жедел-тактикалық авиацияның жаңартылған Су-30 СМ жаттықтыру кешені ұшқыштар мен авиация техниктері үшін сынақтан және техникалық қабылдаудан сәтті өтті. Жаттығу үш сегменттен тұрады, атап айтқанда – ұшудың әртүрлі жағдайын модельдейтін маманның жұмыс орны, ұшқыштың жеке дайындық орны және Су-30 СМ кабинасының имитаторы. Кешен экипажға пилотажды және әуе кемесін зақымдау үшін авиация құралдарын қолдану міндеттерін пысықтауға мүмкіндік береді. Пилоттық және штурмандық кабиналардың функционалдық жабдықталуы да кәдімгі ұшаққа ұқсас.
АЙТҚАЛИ ОРАЗҒАЛИ ПОДПОЛКОВНИК: «Қорғаныс ведомствосы ұшу құрамын сапалы оқытуға күш-жігерін салуда. Пайдалануға берілген жоғары технологиялық жаттықтыру кешені әскери ұшқыштарды даярлау үдерісін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді».